Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.
Негізгі мақсат – оңалтудың сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыру, сондай-ақ адамның нақты қажеттіліктеріне бағдарлану.
Қазіргі уақытта Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық оңалту құралдарының құнын өтеу ретінде берілетін кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесіне өзгерістер енгізілуде.
Бұрын кепілдік берілген соманы айқындауды комиссия өткен қаржы жылындағы бағалардың орташа мәні туралы ақпараттың үш көзі, яғни Әлеуметтік қызметтер порталының, тауарлардың мемлекеттік сатып алуларының деректері және әлеуетті өнім берушілердің коммерциялық ұсыныстары негізінде жүргізген болатын.
Жаңа Әдістемеге сәйкес кепілдік берілген сома әлеуметтік қызметтер порталының деректері мен электрондық дүкеннің деректерін ескере отырып айқындалатын болады.
Осыған байланысты, тауарлардың нарықтық құны бойынша электрондық сауда алаңдарының жинақталған деректерін алу үшін әлеуметтік қызметтер порталын Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен ықпалдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы уақытта кепілдік берілген сома нақты нарықтық деректер негізінде цифрлық платформалардан автоматты түрде, қолмен араласусыз қалыптастырылатын болады. Бұл ашықтықты, объективтілікті және бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді.
Күтілетін негізгі нәтижелер:
- техникалық оңалту құралдарының құнын қалыптастыру процесін толық цифрландыру;
- адами фактор мен субъективтілікті болдырмау;
- әділ баға қалыптастыруды қамтамасыз ету;
- бюджет қаражатын ұтымды пайдалану.
Сонымен қатар, мемлекет мұқтаж азаматтарды сапалы ОТҚ-мен қамтамасыз ету үшін негізсіз шығыстарды қысқартуды көздеп отырғанын атап өткен жөн.
Босатылған қаражат жүйені дамытуға, оның ішінде оңалтудың тиімділігі мен қалпына келу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік беретін заманауи, технологиялық және қымбат тұратын оңалту құралдарын енгізуге бағытталатын болады.
Жаңа тәсілдер әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы арқылы іске асырылатынын қосымша хабарлаймыз. Бұл – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заманауи шешімдер әзірленіп, енгізілетін мамандандырылған алаң.
Сондай-ақ биылғы жылы Ғылыми орталық арқылы пилоттық режимде техникалық оңалту құралдарын қайтарымды пайдалану тетігі іске қосылады.
Бұл тетік қауіпсіз түрде қайта пайдалануға болатын ОТҚ жекелеген түрлеріне ғана қолданылады және жеке пайдалануға арналған құралдарға (мысалы, жөргектер, протездер және т.б.) қатысы жоқ.
Аталған тетік, мысалы, техникалық оңалту құралы жөндеуде болған кезеңде немесе уақытша қажеттілік туындаған жағдайда (мысалы, жаңа құрал жеткізілгенге дейін күту кезеңінде), ұзақ рәсімдерді күтпей-ақ адамды жедел түрде қажетті құралмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, техникалық оңалту құралдарының нақты жағдайы мен адамның жеке қажеттіліктері негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік беретін әлеуметтік-техникалық сараптама қызметі енгізілуде. Бұл формалды мерзімдерге емес, нақты жағдайларға сүйене отырып шешім қабылдауға жағдай жасап, алушылардың мүдделерін қорғайды.
Осылайша, техникалық оңалту құралдарын қайтару тетігін енгізуден күтілетін нәтижелер:
- техникалық оңалту құралдарының қолжетімділігін арттыру және күту мерзімдерін қысқарту;
- бюджет қаражатын неғұрлым тиімді пайдалану;
- ресурстарды ұтымды пайдалану;
- техникалық оңалту құралдарын пайдалану мерзімін ұзарту;
- техникалық оңалту құралдарының техникалық жай-күйі мен тиімділігіне мониторинг жүргізу жүйесін қалыптастыру;
- техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығы мен басқарылуын арттыру.
Өзгерістердің негізгі мәні оңалтудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, әлеуметтік қорғау жүйесінің ұтымдылығы мен әділеттілігін қамтамасыз ету болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-zhumys-aleumettik-korgau/press/news/details/1211743?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау