Абай облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанындағы Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасының Конституциясын насихаттау және ілгерілету бағытында «Білім беру жүйесінде конституциялық қағидаттарды ілгерілету – білім сапасын арттыру мен құқықтық қорғалуды қамтамасыз етудің маңызды факторы» тақырыбында облыстық іс-шара өткізді.
Шараның мақсаты – білім беру үдерісіне конституциялық қағидаттарды тиімді енгізу арқылы білім сапасын арттыру, сондай-ақ білім алушылар мен педагогтердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының 2026 жылғы жаңартылған Конституциясының негізгі ережелері қарастырылып, оның елдің құқықтық және әлеуметтік дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын іргелі құжат екені атап өтілді. Сонымен қатар білім беру жүйесінде конституциялық қағидаттарды жүйелі түрде енгізудің білім сапасын арттырудағы маңызына ерекше назар аударылды.
Жиын аясында Семей қаласының Шәкәрім атындағы көпбейінді № 5 гимназиясының тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, «Үздік педагог – 2025» атағының иегері Г.Жумабекова баяндама жасап, білім беру үдерісінде құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді тәжірибелерін ұсынды.
Сондай-ақ Семей қаласының № 6 гимназиясы мұғалімі, «Ұлттық дебат орталығы» қоғамдық қорының қызметкері Р.Даутбаев білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттырудың заманауи тәсілдері туралы баяндады.
Іс-шара барысында педагогтердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылды. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығына сәйкес департамент жанынан құрылған «Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің» қызметі таныстырылды. Аталған мәселе бойынша облыстық инновациялық орталықтың әдіскері С.Бласпаев баяндама жасады.
Іс-шара қорытындысы бойынша білім беру жүйесінде конституциялық қағидаттарды ілгерілету құқықтық мәдениетті қалыптастырудың, білім сапасын арттырудың және білім алушылар мен педагогтердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз етудің маңызды факторы екені атап өтілді.
Аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы белгіленді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/control-abay/press/news/details/1211677?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау