Бұқар жырау ауданының мәдениет үйі сахнасында Шәмші Қалдаяқовтың әндері әуелеп, «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған» атты байқау өтті. Оған әртүрлі жас пен мамандық иелерінен құралған 26 өнерпаз қатысып, қазақ эстрадасының інжу-маржандарын орындады.
Байқаудың басты ерекшелігі — вокалдық өнерді сахналық қойылымдармен және бейнеқатармен ұштастыруында болды. Бұл тәсіл шығармалардың мазмұнын тереңірек ашуға мүмкіндік беріп, әрбір нөмірдің көркемдік әсерін арттырды.
Қатысушылар бірнеше өлшем бойынша бағаланды: вокалдық шеберлік, орындау тазалығы, сахналық мәдениет, образдың сәйкестігі және көркемдік шешім. Қазылар алқасының құрамына өнер мен мәдениет саласының мамандары енді.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Жаңаталап ауылының тұрғыны, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Арайлым Аманкелд бұйырды.
— Өмірімнің басым бөлігін білім мен өнерге арнап келемін. Бала кезімнен кітап пен музыка маған жақын. Ән — мен үшін ішкі сезімді жеткізудің, жан дүниені ашудың бір жолы. Бұл байқауға қатысу өз мүмкіндігімді сынап, Шәмші Қалдаяқовтың бай мұрасына тағы бір мәрте үңілуге жол ашты. Жеңіс — табанды еңбектің, үздіксіз ізденістің және өнерге деген шынайы сүйіспеншіліктің нәтижесі, — деді бас жүлде иегері.
Бірінші орын Көкпекті ауылының тұрғыны Толғанай Амановаға берілді.
Сондай-ақ екінші және үшінші орын иегерлері де анықталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1211267?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау