Елордада “Құқықтық тәртіп” іс-шарасы: 800-ге жуық құқық бұзушылық анықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Елордада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

     27-29 сәуір аралығында полиция қызметкерлері кешенді жедел-алдын алу шараларын жүзеге асыруда. Іс-шара барысында қала көшелері мен қоғамдық орындарда полиция жасақтары күшейтіліп, қалаға кіреберіс және шығаберіс бекеттерінде көлік құралдары тексерілуде. Құжаттар қаралып, құқық бұзушылықтарды анықтау және тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау мен тасымалдаудың жолын кесу бағытында тиісті шаралар қабылдануда.

     Азаматтар көп шоғырланатын орындарға ерекше назар аударылып, жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелері мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы бақылау күшейтілді. Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар заманауи техникалық құралдар, оның ішінде интеллектуалды бақылау жүйелері арқылы жүргізілуде.

     Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың ел аумағында болуы да бақылауда. Заңсыз еңбек қызметі мен өзге де құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында саяжай алаптары, құрылыс нысандары, базарлар және басқа да аумақтар тексерілуде.

     Екі тәулік ішінде шамамен 800 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, қарсы бағытқа шығудың 8 дерегі және мас күйде көлік басқарудың 8 фактісі тоқтатылды. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік басқарған 4 адам жауапкершілікке тартылды.

     Бұдан бөлек, ұсақ бұзақылық жасаған 23 құқық бұзушы жауапқа тартылып, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйде жүрудің 97 дерегі тіркелді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 33 жағдайы анықталды.

     Сонымен қатар 7 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды.

     Полиция тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, заң талаптарын қатаң орындауға және қоғамдық орындарда жауапкершілік танытуға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1211605?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version