«Кітапханашылар күні» мерекесіне орай «Кітап пен кітапханашы – руханияттың мәңгілік мұрасы» атты салтанатты кеші аталып өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Кештің ашылу салтанатында Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Мәлікқызы Қалқабаева сөз алып, кітапхана саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, салада үздік еңбек етіп жүрген бірқатар кітапханашыларды марапаттады.

Мерекелік жиынға кітапхана ісінің ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және Жетісу облысының кітапханашылары қатысып, рухани құндылықтарды сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудегі кітапхананың рөлі кеңінен сөз болды.

Биылғы кәсіби мереке аясында кітапхана ісінің дамуына сүбелі үлес қосқан мамандар арнайы марапаттарға ие болды. Ең алдымен, бірқатар кітапхана қызметкерлеріне Жетісу облысы әкімінің «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттары» табысталды. Бұдан кейін мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының марапаттары берілді.

Одан кейін арнайы төсбелгілермен марапаттау рәсімі өтті. Атап айтқанда, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісі Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының кітапханашысы Қожабекова Айман Іргебекқызына табысталды. «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісіне Сарқан аудандық кітапханасының директоры Мұхаметқалиева Гүлнар Мерқатқызы ие болды.

Сондай-ақ «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен Ақсу ауданы Сағабүйен ауылдық кітапханасының кітапханашысы Мұратова Раиса Жамалиқызы, Алакөл аудандық кітапханасының библиографы Бодауова Айгүл Кабидоллақызы, Ескелді аудандық кітапханасының кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің меңгерушісі Койчубаева Раушан Рамазанқызы және Панфилов аудандық кітапханасының әдіскері Илимахунова Кенжехан Сейтнұрқызы марапатталды.

Бұдан бөлек, бірқатар кітапхана қызметкерлері Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының алғыс хаттарымен марапатталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды.

Салтанатты кештің қорытынды бөлімінде Жетісу облысының Д. Рақышев атындағы филармониясының өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Аталған іс-шара кітапханашылар еңбегін дәріптеп, кітап пен кітапханаға деген құрметті арттыруға бағытталған тағылымы мол, мазмұнды рухани кездесу ретінде есте қалды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1211078?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version