Маңғыстауда 160 мыңнан астам оқушының жазғы демалысы ұйымдастырылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 29 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиналыста білім беру саласына қатысты маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, 2026 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру, оқу жылының аяқталуы және оқушылардың жазғы демалысын қамтамасыз ету барысы талқыланды.

Өңірде 737 білім беру ұйымы жұмыс істеп, 267 мыңнан астам бала қамтылған. Биыл 193 мыңнан астам оқушы мектепті аяқтайды. Оның ішінде 11-сыныпты 10 030 түлек бітіреді. 367 оқушы «Алтын белгіге», 635-і «Үздік аттестатқа» үміткер.

ҰБТ-ға биыл 8 мыңнан астам түлек қатысуға ниет білдірген. Облыста 3 тестілеу орталығы жұмыс істейді. Дайындық жұмыстарын күшейту мақсатында білім сапасын арттыру бойынша жүйелі шаралар жүргізілуде, оқушылардың дайындық деңгейі тұрақты бақылауда.

Сонымен қатар түлектерге кәсіби бағдар беру бағытында отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының қатысуымен арнайы көрмелер ұйымдастырылды.

Жазғы демалыс кезеңінде 160 мыңнан астам оқушыны сауықтыру және түрлі бағыттағы шаралармен қамту жоспарланып отыр. Балалардың бос уақыты сауықтыру-еңбек, танымдық-шығармашылық, спорттық және туристік бағыттар бойынша ұйымдастырылады. Сонымен қатар жазғы демалысты тиімді өткізу үшін 245 сауықтыру орны жұмыс істейді деп жоспарлануда.

Жиында өңір басшысы білім сапасын арттыру, ҰБТ-ны сапалы ұйымдастыру және оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Біз үшін ең бастысы – балаларға сапалы білім беру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. ҰБТ-ны жоғары деңгейде ұйымдастырып, әрбір түлекке өз білімін толық көрсетуге мүмкіндік жасауымыз қажет. Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде балалардың уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуін қатаң бақылауда ұстаңыздар, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1211270?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version