Бүгін, 29 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиналыста өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай және «Таза Қазақстан» бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаевтың мәліметінше, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауда. 2026 жылдың І тоқсаны қорытындысы бойынша аса қауіпті инфекциялар тіркелмеген. Сонымен қатар бірқатар жұқпалы аурулар бойынша төмендеу байқалғанымен, қызылша ауруының өсімі көрсетілген. Аурудың басым бөлігі балалар арасында кездеседі және науқастардың көпшілігі вакцина алмаған. Сонымен қатар туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмендеген.
Өңірде вакцинациялау жұмыстары жанданып келе жатқанымен, жоспарлы екпелермен қамту деңгейі әлі де жеткіліксіз. Әсіресе Ақтау қаласы мен бірқатар аудандарда көрсеткіш төмен. Екпеден бас тарту деректері де өсіп отыр.
Осыған байланысты облыс әкімі халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, екпемен қамтуды арттыру, медициналық ұйымдардағы мониторингті жүйелеу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жиында сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысы қаралды.
Биыл облыс көлемінде өткізілген сенбіліктерге 51 мыңнан астам адам қатысып, 7 мыңнан астам ағаш отырғызылды. 1 800-ден астам арнайы техника жұмылдырылып, 4 мың тонна қоқыс шығарылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында түрлі акциялар мен ақпараттық жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар экобелсенді азаматтарды ынталандыру мақсатында арнайы номинациялар тағайындалып, үздіктер марапатталды. Өңір тұрғындарынан түсетін өтініштерді жедел қарау үшін арнайы цифрлық платформалар мен чат-боттар іске қосылған.
Жиынды қорытындылаған Нұрдәулет Қилыбай санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, вакцинациялау қарқынын арттыру және экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1211673?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау