Петропавл қаласында полицейлер жеке тұрғын үйден 137 литр спиртқұрамды сұйықтықты тәркіледі. Заңсыз алкоголь саудасы фактісі «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды.
Тікелей үйдің ішінде тауар беретін арнайы терезе жасалып, қолмен жазылған «баға тізімі» ілінген. Осы «шағын маркеттің» маңынан полицейлер спирт иісі аңқыған үш сатып алушыны анықтады. Олар медициналық куәландыруға жіберілді. Үшеуі де бұзақылық пен қоғамдық тәртіпті бұзу деректері бойынша учаскелік инспекторға бұрыннан таныс.
Құқық бұзушының, 68 жастағы қала тұрғынының айтуынша, ол арзан спирт сатып алып, оны сумен араластырып, жақын маңдағы тұрғындарға сатқан. Сондай-ақ оларды темекі өнімдерімен де қамтамасыз еткен — үйден 40-тан астам контрафактілі темекі қорабы тәркіленді.
Тәркіленген алкоголь сараптамаға жіберілді, әкімшілік материалдар жиналуда. Полицейлер атап өтеді: контрафактілі алкоголь — бұл тек өмір мен денсаулыққа қауіп қана емес, сонымен қатар қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға алып келетін фактор. Жыл басынан бері Петропавлда тәртіп сақшылары 4593 литр алкоголь өнімін тәркіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1211770?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау