Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің 2026 жылғы I тоқсандағы қызметінің қорытындылары туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде алқа отырысы өтіп, онда 2026 жылдың бірінші тоқсанының жұмыс қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды.

Алқа барысында есепті кезеңде Комитетке және оның аумақтық департаменттеріне барлығы 22 559 өтініш келіп түскені және қаралғаны атап өтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен (14 772) салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Өтініштердің негізгі бөлігі eOtinish жүйесі мен Бірыңғай өтініштерді қабылдау жүйесі (БӨҚЖ), сондай-ақ «жедел желі» арқылы түскен.

Өтініштерді қарау нәтижесінде тұтынушылардың талаптарының 32%-дан астамы қанағаттандырылды, азаматтардың елеулі бөлігіне, атап айтқанда 31,8%-ына құқықтық көмек көрсетілді, ал бірқатар өтініштер құзыретіне сәйкес бірлесіп қарау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.

Шағымдардың басым бөлігі дәстүрлі түрде бөлшек және электрондық сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және байланыс салаларына тиесілі. Өтініштердің артуы Алматы, Астана қалаларында және Алматы облысында байқалады.

Мемлекеттік бақылау шеңберінде аумақтық департаменттер 308 кәсіпкерлік субъектісін тексеруден өткізіп, нәтижесінде 430 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл бағыттағы ең белсенді жұмыс Алматы, Астана қалаларында және Түркістан облысында жүргізілді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде азаматтардың құқықтары 405,5 миллион теңгеден астам сомаға қорғалды. Есепті кезеңде 27 резонанстық іс тіркелді.

«Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын іске асыру аясында қоғамдық бірлестіктер бақылау сатып алуларын жүргізіп, нәтижесінде жағдайлардың жартысына жуығында бұзушылықтар анықталды. Негізінен олар таңбалау талаптары мен санитарлық нормалардың сақталуына қатысты болды.

Аумақтық департаменттердің тиімділік рейтингінің қорытындысы бойынша Алматы қаласы, Шымкент қаласы және Қостанай облысы көшбасшы орындарға ие болды.

Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде төмен көрсеткіштер тіркеліп, бұл жергілікті басшылар тарапынан қосымша шаралар қабылдауды талап етеді.

Алқа отырысы барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын күшейту, атқарушылық тәртіпті арттыру, мүдделер қақтығысына жол бермеу және жұмыста формалды көзқарасты болдырмау қажеттілігі ерекше атап өтілді.

Комитет тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға, нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтардың сенімін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырады.

 
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti-kzpp/press/news/details/1211750?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version