Ақтөбелік кәсіпкерлер қала тұрғындары үшін демалыс орындарын абаттандыру жұмыстарын жалғастырады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалық еткен жиында Ақтөбе қаласын абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды.

Қала әкімі Азамат Бекет облыс орталығын дамыту жобасын таныстырды. Жоба аясында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, аулаларды жаңғырту, жаңа демалыс аймақтарын құру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде экологиялық бастамаларды іске асыру көзделген.

Сонымен қатар құжатта инженерлік инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде тұрғын алаптарды сумен, газбен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, жол желісін жақсарту және көлік қолжетімділігін арттыру бойынша жоспарлар қамтылды.

Жиында Азамат Бекет 28 наурыздан бері өткізіліп жатқан санитарлық тазалық екіайлығының барысы туралы баяндады. Осы уақыт ішінде бес жалпықалалық сенбілік өтіп, оған 14 мыңнан астам адам қатысқан. 15 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 120 арнайы техника жұмылдырылды. Көгалдандыру аясында 4 мыңнан астам ағаш отырғызылып, қосымша «Қазхром» ТҰК» АҚ-мен бірге тағы 2 мың көшет отырғызу жоспарланған.

Қала әкімі тазалық мәдениетін қалыптастыру мен тұрғындарды тартуға баса назар аударылып отырғанын алға тартты. Осы мақсатта аулалар мен тұрғын аумақтарды абаттандыруға бағытталған «Менің Ақтөбем» байқауы басталып, оған тұрғындар, кәсіпорындар мен коммуналдық қызметтер белсенді қатысуда.

«Экологиялық бастамалар аясында Қарғалы өзені бойында 8 гектар аумақта экологиялық парк құру жобасы жүзеге асырылуда. Биыл бизнес пен әлеуметтік серіктестердің қолдауымен кемінде 26 сквер мен аллеяны заманауи демалыс аймақтарына айналдыру жоспарланып отыр», – деді қала әкімі.

Сонымен қатар «Мәңгілік алау» монументі, «Қазпошта» ғимараты, Мәңгілік Ел көшесі, Тұрғындар қалашығы, теміржол вокзалының маңы және қаланың басқа да бөліктеріндегі аумақтарды жаңарту жұмыстары сөз болды. Жаңа қоғамдық кеңістіктер кәсіпкерлердің қатысуымен жүзеге асырылуда.

Жиында инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қаралды. Қала әкімі тұрғын алаптарды ауыз су, газ және электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады.

Қазіргі таңда 39 тұрғын алапта ауызсу бар. Биыл су құбыры желілерін салуға шамамен 2 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар Жаңақоныс-5, Рауан-2 және басқа да аумақтарда жұмыстар жүргізілуде.

Газ және электрмен қамту бойынша Сазды-3, Жаңаауыл-3 және өзге де тұрғын алаптарда жобалар іске асырылуда. Олар аяқталғаннан кейін 54 тұрғын алап толық газбен қамтылады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта 49 тұрғын алап электрмен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге «Батыс» шағын ауданында жаңа қосалқы станция салу жұмыстары жүргізілуде.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлінуде. Биыл жалпы құны 37 млрд теңгеден асатын 24 өтпелі жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 15,9 млрд теңгеге 18 көшені жөндеу бойынша жаңа жобалар әзірленген.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Сексенбаевтың айтуынша, 2026 жылы 35 инвестициялық жобаны іске асыруға 22 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат жол жөндеу, сыртқы жарықтандыру желілерін салу, тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым және қаланы абаттандыруға бағытталады.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі қаланы дамыту жүйелі түрде жүргізіліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін тілге тиек етті.

«Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, қалада санитарлық тазалық пен қоғамдық аумақтарды күтіп ұстау мәселелері әлі де бар. Кейбір мердігер ұйымдар жұмысты тек есеп үшін атқарып, сапасы талапқа сай келмейді. Мұндай жағдайлар тұрғындардың орынды сынына себеп болуда», – деді Асхат Шахаров.

Осыған байланысты ол қала әкіміне санитарлық тазалық пен абаттандыруға жауапты мердігер ұйымдардың жұмысын қатаң бақылауға алып, әрбір заңбұзушылық бойынша нақты шара қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар «109» байланыс орталығына келіп түскен өтініштердің артқаны айтылды. Жыл басынан бері тұрғындардан 27 мыңнан астам шағым түскен. Олар негізінен тазалық, жол, жарықтандыру және коммуналдық қызметтерге қатысты.

Облыс әкімі «TazaQazBot» чат-боты арқылы келіп түсетін өтініштерді қарау сапасын да сынға алып, жауап беру мерзімдерін сақтау мен нақты нәтижеге қол жеткізуді міндеттеді.

«Анықталған кемшіліктер жүйелі сипатқа ие және орындаушылық тәртіптің жеткіліксіздігін көрсетеді. Әрбір жоба сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Жұмыстың нәтижесі есеппен емес, тұрғындардың нақты өмір сапасының жақсаруымен бағалануы керек», – деп түйіндеді өңір басшысы.

Облыс әкімі Асхат Шахаров «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясындағы бастамаларды сапалы әрі уақытылы іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ абаттандыруға арналған басым нысандарды іріктеу және айқындау процесіне тұрғындарды кеңінен тартуды күшейту керектігін сөз етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1212397?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version