«Бес нәрседен қашық бол»: Полиция мен жастар арасындағы диалог
Қазіргі қоғамның сын-қатеріне айналған жағымсыз құбылыстардың алдын алу мақсатында ШҚО Полиция департаментінің қызметкерлері ҚАЕУ Жоғары колледжінің студенттерімен кездесті. «Бес нәрседен қашық бол» атты ашық диалог алаңында жастар тәрбиесі және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында полицейлер мен сарапшылар өскелең ұрпақ жиі тап болатын қауіп-қатерлерге егжей-тегжейлі тоқталып өтті:
- Есірткіге тәуелділік;
- Құмар ойындары (лудомания);
- Буллинг және вандализм;
- Тұрмыстық зорлық-зомбылық.
Тәртіп сақшылары жастарға бұл құбылыстардың әлеуметтік салдарымен қатар, заң алдындағы қатаң жауапкершілік туралы да ескертті.
Диалогқа ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Мади Қалиақпаров пен Өскемен қалалық ПБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Нұргүл Саяжанова қатысты.
Спикерлер есірткі бизнесіне араласу жастардың тағдырын қалай талқандайтыны туралы нақты мысалдар келтіріп, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл шараларын түсіндірді. Студенттерге тұрмыстағы кез келген агрессия нышандарына жол берілмейтінін, ал көмекке дер кезінде жүгіну мен құқықтық сауаттылық — отбасы қауіпсіздігінің кепілі екенін еске салды.
Жиын еркін форматта өтті. Студенттер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, мамандардан толыққанды жауаптар алды. Мұндай іс-шаралардың мақсаты — жастардың бойында заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру және кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын нығайту.
Жастардың жарқын болашағы — бүгінгі дұрыс таңдау мен сапалы тәрбиеде!
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1212366?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау