Өңірдегі мал шаруашылығының әлеуетін арттыру және жануарлар арасындағы жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Келес ауданында кешенді ветеринариялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда «Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Келес аудандық филиалы мамандары бекітілген кестеге сәйкес аусыл ауруына қарсы жоспарлы екпе егу және жаңа туған төлдерді бірдейлендіру жұмыстарын атқаруда.
Түркістан облысы республика бойынша ірі қара малдың 14%-ын, ал ұсақ малдың 22%-ын құрап, мал шаруашылығында көшбасшылық орынды иеленіп отырғандықтан, ветеринариялық қауіпсіздік мәселесі облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Биыл өңір бойынша эпизоотиялық ахуалды тұрақты сақтау үшін 4 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы 19,8 миллион доза вакцина егу жоспарланған. Осы ортақ мақсатқа үлес қосып жатқан Келес ауданының ветеринарлары төрт түліктің денсаулығын қорғау үшін аулаларды аралап, профилактикалық шараларды сапалы орындауға басымдық беруде.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, яғни сырғалау жұмыстары мал басының нақты есебін жүргізуге және цифрлық базаны ретке келтіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шаруалардың мемлекеттік субсидияларға қол жеткізуі мен мал өнімдерін экспортқа шығаруы үшін негізгі талаптардың бірі болып табылады.
Осы маңызды іс-шаралардың дер кезінде аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында, аудан тұрғындары мен шаруа қожалықтарының иелерінен мал төлдеген жағдайда жауапты ветеринар дәрігерлерге шұғыл хабарлау сұралады. Ветеринария саласы мамандарының айтуынша, мал иелерінің жауапкершілігі мен өзара тығыз байланыс — аудан аумағындағы індеттердің алдын алудың ең тиімді жолы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1212080?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау