Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын реттеу – Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің негізгі басым бағыттарының бірі.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік бақылауды қоса алғанда, кешенді шаралар іске асырылып жатыр.
2026 жылдың басынан бастап ӘМАТ тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді. Осыған байланысты бақылау шараларын күшейту қажеттілігі туындап отыр.
Ағымдағы жылдың сәуір айының ортасындағы жағдай бойынша, ӘМАТ-қа белгіленген шекті сауда үстемесін асырғаны үшін 1 406 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш 2025 жыл бойы осы бап бойынша тіркелген құқық бұзушылықтардың жалпы санының (2 913) шамамен 50 пайызына тең.
Баға қалыптастыру тізбегіндегі делдалдық схемаларды анықтау бойынша өңірлік комиссиялардың жұмысы жанданды. Ел бойынша барлығы 372 отырыс өткізіліп, 1 092 заң бұзушылық анықталды, 974 хаттама толтырылды, тауар өткізу тізбегінен 118 делдал шығарылды.
Негізгі бағыттардың бірі – электрондық шот-фактураларды талдау. Жыл басынан бері сауда үстемесін асыру тәуекелі бар 2 361 жағдай анықталып, олар бойынша мәліметтер өңірлік бөлімшелерге егжей-тегжейлі қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.
Айта кету керек, министрлік бақылау жүргізудің заманауи тәсілдерін енгізуде. Электрондық шот-фактураларды талдау барысында цифрлық құралдар, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары қолданылады. Бұл қысқа уақыт ішінде үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге және құқық бұзушылықтарды анықтау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Тиімсіз делдалдықты болдырмау үшін деректерді талдаудың жаңа әдістері қолданылады. Атап айтқанда, бір өңір шеңберінде үш және одан да көп көтерме буын қатысатын тізбектер, сондай-ақ бір күн ішінде жасалған төрт және одан көп буынды мәмілелер анықталады. Бұдан бөлек, мәміле қатысушыларының өзара байланысы да талданады. Анықталған барлық тәуекелдер өңірлік комиссиялардың қарауына жіберіледі. Олардың міндеті – сауда заңнамасының сақталуын бағалап, тиімсіз делдалдарды тізбектен шығару бойынша шаралар қабылдау.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мемлекеттік бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіруді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жалғастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1211934?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау