Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен ведомствоаралық отырыс өтті. Онда өңірдегі сәулет-құрылыс саласындағы проблемалық нысандарды аяқтау мәселесі қаралды.
Жиынға тиісті басқармалар мен уәкілетті органдардың жетекшілері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының және ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілдері баяндады.
Отырыста Бородулиха ауданындағы блокты-модульді қазандық, Аягөз ауданы Ақтоғай кентіндегі электр энергиясы желісі жобасы, Үржар ауданындағы әлеуметтік нысанға қосымша құрылыс, Абай ауданындағы балалар лагерін аяқтау мәселелері талқыланды. Аталған нысандардың құрылысы 80-90 пайыз аралығында, негізгі жұмыстары аяқталуға жақын.
Облыс әкімі күн тәртібіндегі мәселенің өңір тұрғындары үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Бүгін Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен өңірдегі сәулет-құрылыс саласындағы проблемалық нысандар және олардың сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелерін талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Аталған мәселе өңіріміз үшін аса маңызды. Себебі, кез келген құрылыс нысаны заң талаптарына сәйкес және халық үшін қауіпсіз болуы қажет. Аталған нысандардың құрылысы менің тікелей бақылауымда болады», – деді Берік Уәли.
Жиын қорытындысы бойынша аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен тиісті аудан, қала әкімдеріне проблемалық нысандарды аяқтауға бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1212330?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау