Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды өмірінің алғашқы жылдарынан бастап мамандық алғанға дейін жүйелі түрде қолдау көрсететін тұтас жүйе қалыптастырылып жатыр. Өңірде мұндай балалардың саны шамамен 17 мыңға жуық, олардың басым бөлігі бүгінде қажетті қолдауға ие.
Басты назар ерте жастағы көмекке аударылған. Қарағанды, Шахтинск және Саран қалаларында үш жасқа дейінгі балаларға арналған арнайы кабинеттер ашылды.
— Біз ерте көмек көрсету тәжірибесін психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарының барлығында кеңейтуді жоспарлап отырмыз, — деді білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Қолдау барлық деңгейде жүйелі түрде ұйымдастырылған. Оған арнайы балабақшалар, мектеп-интернаттар және жалпы білім беретін мектептердегі инклюзивті сыныптар кіреді. Сонымен қатар өңірде орын саны да ұлғайтылуда: жаңа топтар ашылып, штаттар кеңейтіліп, бірқатар мекемелер екі ауысымды режимге көшірілуде.
Келесі оқу жылынан бастап Қарағандыдағы №4 мектеп-интернаттың мәртебесі өзгереді — ол психикалық дамуы тежелген және зияткерлік бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық №11 арнайы мектеп-интернатқа айналады. Ал Шахтинск қаласында аутизмі бар балаларға арналған орталық ашу жоспарланып отыр, ол жылына 300 балаға дейін қабылдай алады.
Болашақ мамандық мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Мектепті аяқтағаннан кейін көптеген жасөспірімдер оқуын колледждерде жалғастырады, мұнда олар үшін бейімделген білім беру бағдарламалары әзірленген.
— Биылғы оқу жылында жеті колледж зияткерлік бұзылыстары бар білім алушыларға арналған арнайы бағдарламалар дайындады. Олардың қатарында әрлеу-құрылыс жұмыстарының шебері, тігінші, аяқ киім жөндеу шебері, көркем бұйымдар жасаушы, аспаз мамандықтары бар, — деп түсіндірді Дулат Жекебаев.
Колледждерде ассистивті технологиялар енгізіліп, оқу материалдары бейімделіп, бағалаудың икемді түрлері қолданылады. Ал студенттер алған дағдыларын тәжірибе барысында бекітеді: «Абилимпикс» чемпионаттарына, «Dala Skills» фестиваліне қатысады, инклюзивті жобалар аясында — кафе мен «Будь с нами!» орталығында еңбек етеді.
Қазіргі таңда өңір колледждерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800-ге жуық студент білім алуда. Биыл 154 түлек диплом алады: олардың бір бөлігі еңбек нарығына шығып, енді бірі оқуын жалғастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1211873?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау