Қаржылық мониторинг агенттігінің алаңында ұялы байланыс операторлары — Tele2, Altel, Beeline, Kcell және Activ өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі тақырыбы заңсыз ойын бизнесінде қолданылатын қаржы ағындарының жолын кесу болды.
Кездесу барысында онлайн-казиноға төлем жүргізу тетіктері көрнекі түрде таныстырылды. Атап айтқанда, абоненттердің ұялы байланыс теңгерімі арқылы қаражатты есептен шығару тәсілдері көрсетілді. Бұл арнаның азаматтарды заңсыз әрекеттерге тартуда белсенді пайдаланылып отырғаны атап өтілді.
Анықталған деректерді растау мақсатында Агенттік тарапынан бақылау іс-шаралары жүргізілді.
Ағымдағы жылдың 7 сәуірінде онлайн-казино белгілері бар 10 интернет-ресурста барлық ұялы байланыс операторларының сервистерін пайдалана отырып бақылау сатып алулары жасалды. Нәтижесінде мобильді теңгерім арқылы төлем жасау мүмкіндігі бар екені анықталып, мұндай қаржы арналарының нақты жұмыс істеп тұрғаны расталды.
Кездесу қорытындысы бойынша Агенттік байланыс операторларына бірқатар нақты тапсырмалар берді, оның ішінде:
- күмәнді төлемдерді анықтау және бұғаттау тетіктерін енгізу;
- заңсыз ойын қызметінің белгілері бар интернет-ресурстарға тұрақты мониторинг жүргізу;
- заңсыз ойын платформаларына бағытталған қаржылық операцияларға шектеу қою.
Сонымен қатар, кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тәуекелдерді басқарудың қолданыстағы жүйелерін қайта қарау, сондай-ақ Агенттік пен байланыс операторлары арасындағы ақпарат алмасудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Бұл шаралар заңсыз ойын бизнесінің қаржылық арналарына тосқауыл қоюға және азаматтарды құқыққа қайшы схемаларға тартудан қорғауға бағытталған.
Аталған жұмыс жүйелі түрде жалғасып, Қаржылық мониторинг агенттігінің бақылауында болады.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/afm/press/news/details/1212284?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау