Астана қаласында балалар саны өсіп келеді. Бүгінде елордада 545 мыңнан астам бала тұрады, жыл сайынғы өсім – 20 мыңнан астам. Бұл үрдіс кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын айқындайды. Осы бағыт мемлекеттік саясаттың және жергілікті атқарушы органдар қызметінің басым бағыттарының бірі.
Осы бағыттағы жұмыс туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбаев, Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркін Жанабіл жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спикерлердің мәліметінше, қала әкімдігі әр баланың қауіпсіз ортада өсіп, білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында үнемі тиісті шараларды қабылдайды.
«Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмалары және Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен өңірлерде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары ашылуда. Астана қаласында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы өз қызметін ағымдағы жылдың басынан бастады.
Жаңа құрылымның негізгі міндеті – балалардың негізгі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қызметті үйлестіруді жүзеге асыру, құқықтарының бұзылуын ерте анықтау, сондай-ақ оларды қалпына келтіру және қорғау бойынша шаралар қабылдау. Басқарма білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларында балалар мүддесіне бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырады», – дейді спикерлер.
Сонымен қатар балалар құқықтарының сақталуын бақылау және қабылданған шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізу басқарманың құзыретіне кіреді. Кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын орындауға ерекше назар аударылады. Басқарма профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырып, өмірлік қиын жағдайдағы балаларға жеке сүйемелдеу көрсетеді.
Мобильді топтар анықтаған өмірлік қиын жағдайдағы балалар және ата-аналары немесе заңды өкілдері тәрбиелеу және асырау міндеттерін орындамайтын кәмелетке толмағандар да сүйемелдеуге алынады. Бұл шаралар тәуекелдерді ерте анықтауға және балаларға уақтылы әлеуметтік әрі құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.
«Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары және әлеуметтік қызметтер арасындағы байланыстырушы буынға айналады. Мұндай тәсіл тәуекелдерді неғұрлым тиімді анықтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілетті органның қызметкерлері ерекше мәртебеге ие. Бұл білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт жүйелерінің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына кедергісіз баруға құқық береді. Олардың қызметіне кедергі келтіру әкімшілік жауапкершілікке әкеледі», – дейді мамандар.
Заңнамаға сәйкес, уәкілетті органдар тарапынан міндетті сүйемелдеуге жататын кәмелетке толмағандардың алты санаты айқындалған. Олардың қатарында педагогтар мен психологтар анықтаған тәуекел тобындағы балалар, сондай-ақ отбасыны қолдау және психологиялық көмек орталықтарының бақылауындағы балалар бар.
Жеке санатқа кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда қаралған балалар, сондай-ақ бұрын балалар құқықтарын қорғау жүйесі ұйымдарында болған балалар жатады.
Профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында 2025 жылы құрылған Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссиялар профилактикалық шаралардың тиімділігін арттырды.
2026 жылдың І тоқсанында комиссияның 14 отырыс өтіп, 78 материал қаралған. Бұл көрсеткіштер 2025 жылдың жалпы нәтижелерімен (55 отырыс, 246 материал) салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Балалардың қауіпсіздігі мәселелері жүйелі негізде мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлескен кеңестерде қарастырылады.
Елордада өмірлік қиын жағдайдағы балаларды анықтау кезінде жедел әрекет ету алгоритмі жолға қойылған. Жыл басынан бері 320 шығу жүзеге асырылған.
Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кенес алу үшін, психологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында барлық ұйымдарда «111» байланыс орталығының QR-кодтары орналастырылған.
Қазіргі таңда басқарманың сүйемелдеуінде шамамен 3 000 бала бар, жыл басынан бері 700-ден астам кәмелетке толмаған балаға бару жүзеге асырылған, 300-ге жуық бала психологиялық көмек алды, ал ішкі істер органдарында есепте тұрған 160 балаға жеке кейс-менеджмент аясында сүйемелдеу жүргізілуде.
«Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ішкі істер органдарында есепте тұрған кәмелетке толмағандарға тәлімгерлер бекітілген. 159 бала жеке қолдаумен қамтылған.
Алдын алу жұмыстары оқу орындарындағы түсіндіру шараларын, ата-аналар жиналыстарын, құқық қорғау органдарымен кездесулерді, рейдтер мен жасөспірімдердің мінез-құлқын бақылауды қамтиды. Кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар саны 60,6%-ға төмендегені байқалады, алайда балаларға қатысты қылмыстардың 5,6%-ға өсуі тіркелген», – деп түйіндеді сөзін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1212303?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау