Өңірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жол қозғалысын қадағалау күшейіп, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 16,7% азайған. Облыстың тәртіп сақшыларымен жыл басынан бері бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Жалған нөмірлік белгілер», «Қауіпсіз жол», «Борышкер», «Тасымалдаушы» сияқты рейдтік шаралардың нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 139 мыңнан астам дерегі анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Оның ішінде жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, мас күйінде көлік жүргізу деректері тіркелген.
Республикалық маңызы бар автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Патрульдік экипаждар саны 10-нан 24-ке дейін арттырылып, олардың қызмет көрсету аумағы қысқартылды. Бұл жолдағы жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып отыр. Сонымен қатар, «Самара–Шымкент», «Ақтөбе–Орынбор» автожолдарында мобильді топтар құрылып, шетелдік тіркеудегі 7 мыңнан астам көлік құралы тексерілді.
Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетовтың айтуынша, өңір жолдарында 45 мобилді кешендер қолданылуда. Сондай-ақ, ұшқышсыз ұшатын аппараттар (дрон) тиімділігін көрсетіп отыр. Олардың көмегімен 133 құқық бұзушылық анықталып, дер кезінде шара қолданылған.
«Жол қауіпсіздігін арттыруда тек бақылау ғана емес, түсіндіру жұмыстары да маңызды рөл атқарады. Күн сайын республикалық жолдардың 11 учаскесінде «Жолдағы қабылдау» акциясы өткізіліп, жүргізушілерге кеңес берілуде. Сонымен қатар, такси және автобус жүргізушілерімен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде» – деп атап өтті Ардана Саймағамбетов.
Полицияның мәліметінше, жол апаты көбіне күндіз, көлік көбейген шақта тіркеледі. Осыған байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты шаралар қолға алынған. Соның бірі — күн сайын таңғы сағат 07:00-ден 09:00-ге дейін полиция қызметкерлері жүк көліктеріне жол бастап алып жүреді. Логистиканы жеделдету, қозғалысқа кедергі келтірмеуді көздейтін бұл жұмыс ауа райының қолайсыздығына қарамастан күн сайын эстафет тәсілімен атқарылады. Яғни, ауыспалы экипаждар жол көліктерінің көшін жол бойы бір-біріне табыстайды. Осы уақыт аралығында орта есеппен 500-ден астам жүк көлігі қамтылады.
«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біз профилактикалық шараларды күшейтіп қана қоймай, заманауи технологияларды енгізу арқылы жол-көлік оқиғаларының санын азайтуды көздеп отырмыз. Әсіресе, жүргізушілердің тәртібі мен жауапкершілігін арттыру – басты назарда» – деді Ардана Саймағамбетов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1212037?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау