Ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Комитет төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін қайта қарау тәсілдерін таныстырды. Зейнетақы жинақтарының ең алдымен зейнетке шыққаннан кейін тұрақты табысты қамтамасыз етуге арналғаны атап өтілді, ал мемлекеттің міндеті – азаматтарға қартайған шақта қаржылық тұрақтылық пен лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету екендігі айтылды.
Сұхбат барысында қолданыстағы әдістеме шектен асқан жинақтардың бір бөлігін алуға мүмкіндік беретіні, алайда ол тұрақты жұмыспен қамтылу мен жүйелі аударымдар жасалады деген болжамға негізделгені, бұл іс жүзінде әрдайым шынайы жағдайға сәйкес келе бермейтіні атап өтілді. Осыған байланысты тәсілдерді қайта қарау туралы шешім қабылданды: өзгерістердің негізгі мақсаты – жинақтардың бір бөлігін пайдаланған жағдайда да болашақ зейнетақы үшін жеткілікті қаражат көлемінің сақталуын қамтамасыз ету. Мысал ретінде 11 млн. теңге жинағы бар (46 жастағы) салымшы келтірілді: ол бүгінде 3,2 млн. теңгені ала алады, алайда бұл болашақ төлемдердің мөлшерін едәуір төмендетеді. Ал шектен асқан жинақтарды сақтаған жағдайда, болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері шамамен үш есеге жоғары болады.
Сондай-ақ жаңа әдістеме өмір сүру ұзақтығын, активтердің табыстылығын және зейнетақының мақсатты параметрлерін ескеретін актуарлық тәсілге негізделетіні атап өтілді. Шектердің ұлғаюы олардың соңғы үш жыл ішінде қайта қаралмауына байланысты екені айтылды. Зейнетақы жинақтары ағымдағы шығыстарға арналған қаражат емес екені ерекше атап өтіліп, мемлекеттік саясат азаматтардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауға және қартайған шақта қаржылық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталғаны көрсетілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/lspm/press/news/details/1212281?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау