Салық кодексінің нормаларына сәйкес жыл сайын 1 сәуірде жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықты өткен кезең үшін төлеу мерзімі аяқталады, яғни ағымдағы жылы – 2025 жыл үшін.
Салық төленбеген жағдайда, Салық кодексіне сәйкес салық төлеушіге 20 жұмыс күні ішінде жеке тұлғалардың салық берешегін өтеу туралы хабарлама табыс етіледі. Бұл ретте мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі.
Аталған хабарламаны орындау мерзімі – оны табыс еткен күннен кейінгі 30 жұмыс күні. Хабарлама орындалмаған жағдайда салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығарады және оны шығарған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлғаға жібереді.
Салық кодексінің 190-бабына сәйкес, егер жеке тұлға салық бұйрығын орындамаса, салық органы оны мәжбүрлеп орындату үшін Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес аумақтық әділет органдарына немесе өңірлік жеке сот орындаушылары палатасына жібереді.
Салық бұйрығын орындау барысында жеке сот орындаушылары (ЖСО) мүлікке тыйым салу, банктік шоттарды бұғаттау, жалақыдан ұстап қалу, елден шығуға шектеу қою, сондай-ақ көлік құралын басқару құқығын шектеу сияқты шараларды қолдана алады.
Сонымен қатар, атқарушылық іс-әрекеттер үшін ЖСО берешек сомасының қосымша 25%-ын өндіріп алатынын атап өткен жөн. Қосымша шығындар мен шектеу шараларын болдырмау үшін көлік құралдарының иелеріне салықтарды уақытылы төлеу ұсынылады.
Бұдан бөлек, өңірде Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, Әділет департаменті және Полиция департаменті арасындағы жыл сайынғы Меморандум аясында іс-шаралар жалғасатын болады. Рейдтік шаралар, үй-үйді аралау, жұмыс берушілермен жұмыс жүргізу, жалақыдан ұстап қалу жүзеге асырылады.
Салық төлеушілерге қолайлылық үшін берешекті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурсы арқылы білуге болады. Төлемді Kaspi, Halyk және басқа да екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асыруға болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1212355?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау