Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзып, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірген жүргізушілер анықталып, ұсталды. Қала аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Оперативтік басқару орталығы бейнебақылау жүйелері арқылы жол қозғалысы жағдайына тәулік бойы тұрақты мониторинг жүргізеді. Мониторинг барысында қала көшелерінің бірінде көлік жүргізушілер тобының жол қозғалысы қағидаларын өрескел және әдейі бұзу дерегі тіркелді. Анықталғандай, олар қауіпсіздік талаптарын елемей, қауіпті маневрлер жасаған, қарсы қозғалыс жолағына шыққан, қауіпсіздік белдігін тақпаған, сондай-ақ қозғалыс кезінде автокөліктен шығып кеткен. Бұл әрекеттер азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген. Аталған құқық бұзушылықтар туралы ақпарат дереу патрульдік полиция жасақтарына берілді. Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде бес автокөлік Күнгей шағынауданы аумағында тоқтатылып, құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғалар ұсталды. Тексеру барысында әкімшілік заңнаманы бірнеше рет бұзу деректері расталды. Атап айтқанда, маневр жасау қағидаларын өрескел бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және көлік құралын басқару кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау фактілері анықталды. Барлық құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Материалдар соттың қарауына жолданды. Көлік құралдары арнайы айыппұл тұрағына орналастырылды. Құқық бұзушыларға қатысты көлік құралын басқару құқығынан айыру, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік қамауға алу мәселесі қарастырылуда. Полиция департаменті мұндай әрекеттердің заң талаптарын өрескел бұзу екенін және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді. Жолдағы әдейі жасалатын қауіпті әрекеттер қатаң әрі жедел түрде тоқтатылады. Полиция жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу деректеріне принципті түрде әрекет етуді жалғастырып, жолдарда заңсыздыққа жол бермейді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1212766?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау