Бүгін, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Шымкент қаласының «Орталық саябағында» ерекше думанды шара – «Бірлік дастарханы» фестивалі өтуде! Мерекелік алаңқайда жас суретшілер көрмесі, қолөнершілер шеберханасы жайғасқан. Құрт қайнатып, күбі піскен ақ жаулықты аналар да осы алаңқайдың сәнін келтіруде.
Татулық пен достықты ту еткен, түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірген айтулы мерекедегі бұл іс-шара сан ұлттың өкілін ұйыстыра түсуде.
Дәл қазір саябақта 8 қазанда қазақтың ұлттық тағамдары дайындалып жатыр.
Фестивальдің басты мақсаты – этносаралық келісімді нығайтып, қазақстандық патриотизмді дәріптеу, халық бірлігі мен ізгілік құндылықтарын кеңінен насихаттау. Осындай игі бастама арқылы өскелең ұрпаққа ортақ адамзаттық құндылықтар сіңіріліп, ұлттық дәстүрлердің маңызы арта түсуде.
Айта кету керек, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 17 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым табысты жұмыс істейді. Бүгінде Шымкентте 50-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Міне, осы фестиваль – сол ынтымақтың айқын көрінісі.
«Бірлік дастарханы» аясында қатысушылар қазақ халқының ұлттық тағамдарын дайындау шеберлігін паш етпек. Әсіресе, ұлттық ас – ет асу дәстүрі ерекше назарда. Еттің бабымен пісірілуі, қамырдың қалың-жұқалығы, қазы-қарта, жал-жая секілді дәмдердің үйлесуі – бәріне де қазылар алқасы мән беретін болады. Фестиваль дастархан мәдениеті мен қонақ күту әдебін де кеңінен насихаттамақ.
Іс-шара аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен тұрмыстық көріністер кеңінен көрсетілуде. Мерекелік іс-шараға жиналған қонақтар асық ату, ләңгі тебу сияқты ұлттық ойындарды тамашалап, бауырсақ пен шелпек пісіру, кеспе кесу, құрт жасау, көже дайындау сынды дәстүрлі үрдістермен танысуда. Қазақтың ақ шаңқан киізүйінде ұлттық тағам түрлерінің жасалу әдістері түсіндірілмек.
Мұндай жарқын шаралар ел бірлігін бекемдеп, рухани құндылықтарды жаңғырта түсері сөзсіз. «Бірлік дастарханы» – тек фестиваль ғана емес, бұл – достықтың, татулықтың және ортақ шаңырақ астындағы бейбіт өмірдің жарқын көрінісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1213011?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау