Министр іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін қырғыз тарапына алғыс білдіріп, Шолпан-Атада кездесудің символдық мәніне тоқталды. Өңірдің халықаралық спорттық ынтымақтастықты дамытуда маңызды алаңға айналғаны атап өтілді. Сондай-ақ елдерді ортақ тарихи-мәдени мұра негізінде біріктіретін жоба ретінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызы ерекше екенін жеткізді.
Ербол Мырзабосынов ШЫҰ елдері арасындағы спорт саласындағы өзара іс-қимылдың кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын және нақты нәтижелерге бағытталып отырғанын жеткізді. Спортшылардың бірлескен жарыстарға тұрақты қатысуы мемлекеттер арасындағы сенім, өзара түсіністік пен әріптестікті нығайтуға ықпал етеді.
Министрдің айтуынша, ШЫҰ елдерінің спорттық әлеуеті зор. Бұл тәжірибе алмасудан бірлескен жобаларды жүзеге асыруға көшуге мүмкіндік береді. Басым бағыттар ретінде мыналар аталды:
* бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу;
* жаттықтырушылар мен сарапшылар арасында тәжірибе алмасу;
* жастар спортын дамыту.
Министр Қазақстанның спортты дамыту саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ашық екенін атап өтті. 2026 жылы елімізде бірқатар ірі халықаралық жарыстар өткізу жоспарланып отыр, оған ШЫҰ елдерінің спортшылары шақырылған.
Сөз барысында ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылып, мәдени мұраның маңызды бөлігі әрі бірлескен жобалар үшін перспективалы бағыт екені айтылды. Сондай-ақ министр «ШЫҰ ашық кубогы» бастамасының жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. 2026 жылғы мамыр айында Алматыда гольф турнирі өтеді, оған ұйымға мүше елдердің өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Осылайша, Қазақстан ШЫҰ аясындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтуға және елдер арасындағы өзара ықпалдастықтың жаңа тетіктерін дамытуға ұмтылысын көрсетіп отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1213031?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау