Облыс әкімі Берік Уәли «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубы мүшелерімен кездесті.
Сәуір айының 19-ы мен 25-і аралығында Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласында «Vatanparvarlar» халықаралық әскери-спорттық жарысы өткен болатын. «Абай қырандары» клубының мүшелері аталған сайыста Қазақстан атынан өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте жүлделі II орынды иеленді.
Команда жекелеген сайыстар бойынша да жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, әскерилендірілген эстафетадан және арқан тартудан І орынға ие болды. Сонымен қатар, мылтық атудан, белтемірге тартылудан және автоматты толық емес бөлшектеу және жинақтаудан ІІ орын алды. Ал алғашқы медициналық көмек көрсету сайысында ІІІ орынды иеленді.
Аймақ басшысы кездесуде жас сарбаздарды жеңісімен құттықтап, алдағы өтетін жарыстарда сәттілік тіледі.
«Осыдан екі апта бұрын ғана біз осы залда өздеріңізді халықаралық деңгейде ел намысын қорғауға ақ жол тілеп, аттандырған едік. Бүгін, міне, сол сеніміміз ақталып, жеңіспен оралып отырсыздар. Сіздер облыстың ғана емес, еліміздің атынан сайысқа түстіңіздер. Бұл жетістіктеріңіз кездейсоқ емес. Бұл жеңіс – сіздердің қажырлы дайындықтарыңыз бен бірліктеріңіздің жемісі. Команда құрамындағы «Айбын-2025» жиынының жеңімпаздары Ш. Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» курсанттары, сонымен қатар Семей қаласының, Жарма, Аягөз және Бородулиха аудандарының ең үздік оқушылары өздерінің мықтылықтарын халықаралық аренада дәлелдей білді. Біз сіздермен мақтанамыз. Жеңістеріңіз құтты болсын! Халықаралық додада биіктен көрінгендеріңіз үшін облыс жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.
Шара барысында жас сарбаздар мен олардың ұстаздарына құрмет көрсетіліп, арнайы сертификаттар мен Алғыс хат табысталды.
Айта кетейік, былтыр Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Айбын-2025» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өткен болатын. Шараға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 800-ге жуық жас қатысып, 50-ден астам команда түрлі әскери, интеллектуалдық және шығармашылық сайыстарда бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Семей қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мамандандырылған мектеп-интернатының «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубы республикалық әскери мектептер арасында төртінші жыл қатарынан Гран-приді иеленіп, жалпыкомандалық есепте үздік атанды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1213085?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау