Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 25 сәуірдегі № 1242 Жарлығы.
Технологиялық және экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін жоғары білікті мамандарды, шетелдік инвесторларды және кәсіпкерлерді тарту бойынша қолайлы жағдайлар мен бәсекелестік режимді қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Шетелдік инвестициялар мен адами капиталды тарту үшін көші-қон саясатының негізгі бағыттары болып мыналар белгіленсін:
көші-қон саясатының негізінен рұқсаттық-квоталық моделінен шетелдік инвесторлар мен сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды тартуға бағытталған ынталандырушы моделіне көшу;
ел экономикасының дамуына үлес қосатын шетел азаматтарының ұзақ мерзім тұруы мен қызмет етуі үшін резиденттіктің бәсекелестік режимін жасау;
иммиграциялық рәсімдерді,соның ішінде “бір терезе” қағидаты бойынша жеңілдету және цифрландыру;
Қазақстанды шетелдік инвесторларды, білікті кадрлар мен дарынды адамдарды тартуға арналған өңірлік хаб ретінде көрсету.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі инвестициялық ахуалды жақсарту және жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту бойынша реформаны жүргізуді 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қамтамасыз етсін, онда мыналар қамтылсын:
1) қолданыстағы визаларды:
инвесторлар, кәсіпкерлер, директорлар кеңестерінің мүшелері және мемлекеттік басқару жүйесінде жұмыс істеуге тартылатын адамдарға арналған бизнес-визаны;
жалақы деңгейі мен бос жұмыс орнының бейіні бойынша белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін жұмыс жөнінде ұсыныс болған кезде мамандарға, сондай-ақ ғылым және медицина жұмыскерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының түлектері, Үкімет бекітетін тізбе бойынша сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандарға арналған білікті жұмыскер визасын;
Үкімет мақұлдаған нақты инвестициялық жобалар шеңберінде жұмыс істеуге арналған уақытша жұмыскер визасын біріздендіру арқылы шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағына кіру және онда болу шарттары жеңілдетілсін;
2) “Алтын виза” енгізілсін, “Астана” халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі АХҚО) инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасына қатысушылардың, бизнес-виза иелерінің – елде бір ай болғаннан кейін, болу мерзімі бір айды құрайтын ІТ-мамандарын қоспағанда, білікті жұмыскер визасы иелерінің алты ай өткеннен кейін, уақытша жұмыскер визасы иелерінің – бір жыл өткеннен кейін оны алу тәртібі мен шарттары заңнамада регламенттелсін;
3) “Алтын виза” иелеріне:
жеке табыс салығын, мүлік пен жер салығын төлеуден босату;
кірістер мен мүлікті жалпыға бірдей декларациялаудан босату;
мемлекеттік және қаржылық көрсетілетін қызметке Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізу;
біліктілігіне сәйкес квотадан тыс және рұқсат алу қажеттілігінсіз еңбек және (немесе) кәсіптік қызметті жүзеге асыру;
“Алтын виза” бойынша көзделген барлық артықшылықтарды оның иесінің отбасының барлық мүшелеріне қолдану бойынша артықшылықтар берілсін;
4) шетел азаматтарының өтінімдер беруіне, оларды қабылдауға және өңдеуге арналған, өтініштерді орталықтандырылған қарауды, консультациялық және тілдік қолдау көрсетуді, мәртебесін ашық бақылауды, құжаттарды бекітілген мерзімде қарауды және автоматты түрде тексеруді қамтамасыз ететін, шыққан мемлекеттердің (донор-елдердің) құқықтық жүйелерінің ерекшеліктеріне бейімделген “е-Residency” модулі бар “QazETA” бірыңғай цифрлық платформасын ендірсін, сондай-ақ шетелдік мамандар мен компанияларға “бір терезе” (“One-Stop Shop”) режимінде тіркеу, сәйкестендіру бойынша және ілеспе қызмет көрсету үшін оны “Astana Hub” және басқа да ақпараттық жүйелермен сервистік интеграциялауды қамтамасыз етсін;
5) электрондық резиденттердің бағдарламаның серіктес банктеріндегі шоттарда ақша қаражатының бос қалдықтарын орналастыруға және банктер, брокерлер, инвестициялық портфельді басқарушылар, инвестициялық платформалар операторлары және қаржы нарығының өзге де уәкілетті қатысушылары арқылы Қазақстан Республикасындағы және АХҚО юрисдикциясындағы қаржы құралдары мен жобаларына инвестиция салуға ерікті түрде қатысуын көздейтін “e-Residency Invest” бағдарламасын ендірсін;
6) “Алтын виза” иесінің мемлекеттік және қаржылық қызметтерге қол жеткізуі үшін функционалы жағынан Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігіне теңестірілген бірыңғай цифрлық құжат – резиденттің сәйкестендіруші құжатын (ID) ендірсін;
7) шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының дипломдарын нострификаттау рәсімінсіз автоматты түрде тануды ендірсін;
8) қолданыстағы шетелдік сертификаттары бар және қайта даярлау әрі ұлттық нормаларды білуін тексеру бағдарламаларын қоса алғанда, танымал білім беру орталықтарында даярлықтан өткен шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандарды лицензияланатын қызмет түрлеріне жіберудің жеңілдетілген тәртібін әзірлесін;
9) шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін жеке мүлікті баж салығынсыз әкелу режимін белгілесін;
10) шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын шарттармен медициналық және білім беру қызметтеріне қол жеткізуін көздейтін әлеуметтік топтама қалыптастырсын;
11) шетелдік ІТ-мамандардың Қазақстан Республикасы аумағында тұруы кезінде бір мезгілде шетелдік ұйымдардың пайдасына жұмыс істеуді (қызмет көрсетуді), бірнеше шарттық қатынастарды қоса атқаруды, шетелдік командаларға консультация беруді және аралас көздерден табыс табуды көздейтін гибридті трансшекаралық жұмыспен қамту модельдерін құқықтық және әдістемелік рәсімдеудің жеңілдетілген тәртібін әзірлесін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасын өңірлік хаб ретінде көрсету жөніндегі іс-шаралар жоспарын 2026 жылғы 1 қазанға дейін әзірлесін және бекітсін, онда:
шетелдік инвестициялар мен білікті кадрлардың негізгі донор-елдерін;
шет елдерде иммиграциялық бағдарламалар маркетингінің және оларды ілгерілетудің нысаналы құралдарын;
уақытша шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті кадрларды ұдайы негізде елге тұрақтаңдыруға арналған қаржылық емес ынталандыру құралдарын;
Қазақстан Республикасының қатысуымен интеграциялық бірлестіктер шеңберінде кедергісіз жүріп-тұру мен қызметін жүзеге асыру үшін кедергісіз ортаны дамыту, оның ішінде резидент мәртебесін өзара тану мәселесі бойынша келешегі бар шараларды айқындасын;
2) Қазақстан Республикасының ІТ-экожүйесін халықаралық деңгейде ілгерілету, шетелдік ІТ-мамандар мен компанияларды тарту, сондай-ақ технологиялық бизнесті дамыту мен жергілікті орналастыру үшін бәсекелестік жағдайларын қалыптастыру бойынша мыналарды қамтитын шараларды 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қабылдасын:
халықаралық технологиялық компаниялармен серіктестіктерді дамытсын және институттандырсын, оның ішінде ынтымақтастық туралы келісімдер жасасын, бірлескен бағдарламаларды, R&D-орталықтарын және жеделдету бастамаларын ашсын;
инвесторларға, кәсіпкерлерге және ІТ-мамандарына бағдарлайтын цифрлық платформаларды пайдалансын;
ақпараттық-коммуникациялық қызметтер саласындағы мамандар үшін “шетелдіктер мен азаматгығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру” мемлекеттік қызметін көрсету бойынша “Digital Nomad Residency”; сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға электрондық резидент мәртебесін беру және оларға “e-Residency” платформасының мобильді қосымшасы арқылы қашықтан мемлекеттік қызметтер мен сервистерді көрсету бойынша “е-Residency” пилоттық жобаларын өнеркәсіптік пайдалануға көшірсін;
жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді дамытудың мамандандырылған алаңы ретінде Алматы қаласында “Almaty АІ Нub”-ты іске қоссын, шетелдік әзірлеуіпілерді, зерттеушілер мен технологиялық компанияларды тарту және оларға қызмет көрсету үшін мемлекеттік “е-Residency” сервистік платформасымен интеграциясын қамтамасыз етсін;
“Cloud First Policy” және “Data Embassy” қағидаттарын ендіруді қоса алғанда, нормативтік базаны жетілдірсін;
Астана және Алматы қалаларында медициналық және білім беру ұйымдарында, мемлекеттік қызметтердің фронт-кеңселерінде, полиция бөлімшелерінде, коммуналдық қызметтерде, қалалық навигацияда, цифрлық қалалық сервистерде, сондай-ақ шұғыл ескерту және ден қою жүйесінде қызметтер көрсетуді қамтитын, шетелдік ІТ-мамандары мен олардың отбасы мүшелеріне арналған ағылшын тілінде міндетті қызмет көрсетілетін аймақтар қалыптастырсын;
3) АХҚО-мен бірлесіп, Инвесторлар мен шетелдік мамандарды тарту жөніндегі орталықтың қызметін жақсарту бойынша шараларды 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қабылдасын, оның ішінде:
тараптардың өзара келісімі бойынша шетелдік ІТ-мамандар мен олардың отбасы мүшелерінің қатысуымен болатын дауларды, оның ішінде, еңбек, жалдау, банк, білім беру және тұтынушылық дауларды ағылшын тілінде қарауды және өтініштерді қараудың реттелген мерзімдерінің белгіленуін қамтамасыз ете отырып, сотқа дейінгі жедел қараудың жеке тетігін ендірсін;
АХҚО инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасының қатысушылары үшін және жоғары білікті шетелдік мамандар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері үшін жағдай жасасын, оның ішінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырсын:
Қазақстан Республикасының аумағында жеке тұлғаның салықтық кезең ішінде іс жүзінде болуының ең аз мерзімін күнтізбелік 90 күннен 30 күнге дейін қысқарту бөлігінде салықтық резиденттік өлшемшарттарды айқындасын, бұл халықаралық тәжірибені ескере отырып, мобильді инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін АХҚО юрисдикциясының тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді;
АХҚО-ның салықтық резиденттік сертификатын беруге арналған тіркеп-белгіленген алымды жойсын;
4) 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін осы Жарлықты іске асыруға қажетті нормативтік құқықтық актілердің қабылдануын қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту, Қаржылық мониторинг агенттіктерімен бірлесіп:
1) еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосатын шетелдік инвесторлар, жоғары білікті мамандар және электронды резиденттер үшін қолайлы қаржылық режим құру жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын;
2) “е-Residency” бағдарламасының операторы кейіннен бірінші санаттағы төлем ұйымы ретінде тұрақты лицензиялық режимге шыға отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің реттеуші “құмсағаты” арқылы электрондық резиденттерге арналған төлем карталарын шығаруды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жылдың қорытындысы бойынша жұмыс нәтижелері туралы есептік ақпараттың Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 ақпанға дейін енгізілуін қамтамасыз етсін;
2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-minsk/press/news/details/1213086?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау