Өңір басшысы Асхат Шахаровтың Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтауы
Ардақты ағайын!
Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!
Қазақта «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген аталы сөз бар. Осы бір ауыз сөздің астарында тұтас елдің тағдыры жатыр. «Қонақ келсе – құт» деп, жатты жатсынбай, өзгені өзекке теппей, бауырына басқан халқымыздың дархан мінезі, кең пейілі бүгінгі бірлігіміздің алтын арқауына айналды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бірлік – Әділетті Қазақстандағы басты ұстанымның бірі. Біз татулық, теңдік және әділдік қағидаларына негізделген қоғам құрамыз» деп үнемі айтып келеді.
Еліміздің дамуына тың серпін беретін жаңа Конституциямыз қабылданып, күшіне енгелі отыр. Бұл – халқымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтатын, болашаққа деген сенімімізді бекемдейтін маңызды қадам.
Иә, кең даламызда сан түрлі мәдениет пен дәстүр тамыр жайып, бір-бірімен астасып, жарасым тауып келеді. Бұл – біздің ерекшелігіміз ғана емес, біздің артықшылығымыз. Әлемге үлгі боларлық татулық пен келісім – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты жетістіктерінің бірі.
Бүгінде өңірімізде 90-нан астам этнос өкілі ақыл мен парасаттың, сыйластық пен сенімнің жемісінің арқасында бір үйдің баласындай, бір шаңырақтың астында тату-тәтті тірлік кешіп отыр, бір мақсат жолында еңбек етуде.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Сондықтан біз үшін ең қымбат қазына – ауызбіршілік. Бірлігіміз бекем болса, алар асуымыз көп, бағындырар белесіміз биік.
Мереке құтты болсын, ағайын!
Әр үйге құт-береке қонып, күлкі мен шаттық үзілмесін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-aitekebi/press/news/details/1213043?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау