Қарағанды хирургтері балаларға есту мүмкіндігін қайта сыйлауда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағандыда өткен жылдың желтоқсанында алғаш рет балаға кохлеарлық имплантация арқылы есту қабілетін қалпына келтіру бойынша күрделі операция жасалды. Осы мақсатта өңірде қажетті клиникалық база жасақталып, заманауи медициналық жабдықтар — хирургиялық микроскоп пен имплант орнату жүйесі сатып алынды. Мамандар арнайы даярлықтан өтіп, шетелдік тәжірибені де меңгерді. 

Бүгінде бұл бағыт жүйелі түрде дамып, жоғары технологиялық медициналық көмек өңір тұрғындарына барынша қолжетімді бола түсуде.

Осы бастаманың жалғасы ретінде облыстық көпсалалы балалар ауруханасы базасында практикалық шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қарағандылық дәрігерлер Астананың штаттан тыс бас балалар оториноларингологы Арман Әбілевпен бірлесіп, кохлеарлық имплантация бойынша екі операцияны сәтті жүзеге асырды. Медициналық көмек есту қабілеті ауыр дәрежеде зақымданған балаларға көрсетілді.

Кохлеарлық имплантация — естуді қалпына келтіру саласындағы ең күрделі әрі жауапты хирургиялық араласулардың бірі. Бұл әдіс есту аппараттары нәтиже бермейтін жағдайда қолданылады және көп жағдайда баланың дыбысты қабылдауына, сөйлеуді түсінуіне әрі толыққанды дамуына жол ашатын бірден-бір мүмкіндікке айналады.

— Бұл Қарағандыда өткізіліп отырған екінші шеберлік сабағы. Операциялар сәтті өтті. Бір айдан кейін балаларға сөйлеу процессоры қосылып, содан соң ұзақ әрі жүйелі оңалту кезеңі басталады, — деді Арман Әбілев.

Оның айтуынша, мұндай жоғары технологиялық операциялар елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізіледі.

Хирургиялық кезеңнен кейін балалар үшін ең маңызды үдеріс басталады — арнайы құрылғыны баптау және сурдологтар, логопедтер мен өзге де мамандардың қатысуымен кешенді оңалту жұмыстары жүргізіледі. Дәл осы кезеңде есту арқылы қабылдау қалыптасып, сөйлеу дағдылары дамиды.

Бұл бағыттың қарқынды дамуы өңір тұрғындарына сапалы әрі жоғары деңгейдегі медициналық көмекті өз аймағынан шықпай-ақ алуға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта Қарағандыда тағы бес осындай операцияны өткізу жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1213059?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version