1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Тараз қаласында «Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі» атты ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. «Көне-Тараз» этномәдени кешеніндегі Достық үйі алаңында өткен тағылымды шара елдегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың айқын көрінісіне айналды.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар мүшелері, зиялы қауым мен ардагерлер, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік шара заманауи технологияларды ұтымды пайдаланған бейнероликпен басталды. Жасанды интеллект көмегімен әзірленген туынды өңірдегі этномәдени бірлестіктердің тарихы мен дәстүрін кеңінен таныстырды.
Шара аясында «Достық шаңырағы астында» атты этномәдени көрме ұйымдастырылып, онда түрлі этностардың ұлттық тағамдары, қолөнер бұйымдары мен салт-дәстүр көріністері ұсынылды. Қатысушылар қазақ, кәріс, орыс, украин, поляк, қарашай-балқар, дүнген, түрік, күрд, еврей, әзірбайжан және өзге де этностардың мәдени мұрасымен танысты.
Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, қатысушылар мас-рестлинг, армрестлинг, гір көтеру, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, мергендік сынды сайыстарда бақ сынады.
Жиын барысында Серік Сәлемов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына және қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіндегі Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың құттықтау хаты оқылды.
Мерекелік концертте облыстық филармония әртістері мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, көпшілікке түрлі халықтардың мәдениетін паш етті. Бағдарлама патриоттық әндер мен ұлттық билерге ұласып, соңында көрермендер «Атамекен» әнін бірге орындады.
Айрықша атап өтерлігі, мереке «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған ақ көгершіндерді ұшыру рәсімімен қорытындыланды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1213077?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау