Алматы мектебінде “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Алматы қаласындағы №129 мектепте қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Бауыржан Нұрмаханбетовтің есімі берілген “Жас сақшы” бейіндік полиция сыныбы ашылды.

     Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов, білім беру саласының өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, оқушылар мен ата-аналар қатысты.

     Полиция сыныбы өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заңға деген құрметін арттыру және ішкі істер органдарындағы қызметке қызығушылығын ояту мақсатында құрылған. Оқушылар құқық негіздерін меңгеріп, саптық және тәртіптік даярлықтан өтіп, профилактикалық әрі патриоттық іс-шараларға белсенді қатысатын болады.

     Аталған сынып патрульдік полицияның мамандандырылған батальонының аға инспекторы Бауыржан Нұрмаханбетовтің есімімен аталады. Ол 2016 жылы көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін “Айбын” орденінің II дәрежесімен марапатталған.

     Қызметтік міндетін орындау барысында Бауыржан Нұрмаханбетов қарулы қылмыскерді тоқтатуға және оның әрекетін бейтараптандыруға ұмтылып, жүргізілген операция кезінде ауыр жарақат алып, қаза тапқан.

– Мұндай сыныптардың ашылуы — жай ғана білім беру жобасы емес. Бұл — азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді қалыптастыруға, полиция мамандығына деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Сыныпқа берілген ер есімі жас ұрпақ үшін батылдық пен антқа адалдықтың үлгісіне айналады, — деді Әділғожа Құсайынов.

     Полиция департаментінде “Жас сақшы” қозғалысын дамыту алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді. Мұндай бастамалар қоғамның полицияға деген сенімін нығайтып, заңға бағынатын, саналы ұрпақты қалыптастыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1213433?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version