Қосшы қаласында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов азаматтарды қабылдады. Ашық диалог форматында өткен кездесуде тұрғын үй құрылысы, инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ қалалық ортаның сапасына қатысты өзекті мәселелер көтерілді.
Негізгі мәселелердің бірі – «Diamond Park» тұрғын үй кешеніндегі жағдай болды. Бұған дейін аталған жоба бойынша құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуі тіркелген. Мәселені шешу мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары қабылданып, құрылыс салушыға қосымша жер учаскесі бөлінді.
Өңір басшысы Қосшы қаласының әкіміне және мүдделі мемлекеттік органдарға жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізу кезеңдерінің барлығында белгіленген мерзімдерді сақтай отырып, сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Қабылдау барысында жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері де қаралды. Бірқатар көшелерде құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың мамыр айында бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ұзындығы 6,1 км болатын Республика көшесіне орташа жөндеу жүргізу мәселесі талқыланды. Жоба аясында жол жабынын кешенді жаңарту, көше жарығын жаңғырту және су бұру жүйесін орнату көзделген. Жұмыстар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін басталады.
Қабылдау қорытындысы бойынша азаматтардың барлық өтініштері жұмысқа алынды. Жауапты мемлекеттік органдарға нақты мерзімдер мен іске асыру тетіктері айқындалған тапсырмалар берілді. Тұрғындар көтерген мәселелер бақылауда, олар бойынша жұмыстар белгіленген тәртіппен жалғасатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1213906?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау