Сәуір айының екінші жартысында Қазақстанның астанасы елдің түкпір-түкпірінен келген дарынды музыканттардың басын қосқан орталыққа айналды. 2026 жылғы 27–30 сәуір аралығында Астана қаласында К.А. Жұмакенов атындағы «ASTANA WIND FEST» үрмелі және соқпалы аспаптарда орындаушылардың II республикалық байқауы өтті. Бұл — жас орындаушыларды, педагогтерді және кәсіби қауымдастықты біріктірген маңызды мәдени шара.
Байқаудың негізгі мақсаты — орындаушылық шеберлікті дамыту, дарынды музыканттарды қолдау, үрлемелі және соқпалы аспаптар өнерін насихаттау, сондай-ақ қатысушылар мен ұстаздар арасында тәжірибе алмасу. Аталған байқау жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға және музыка өнері саласында жаңа буын кәсіби мамандарды қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып табылады.
«Жеке орындаушылық» номинациясы аясында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, сахналық мәдениетін және музыкалық шығармаларды терең түсінетінін көрсетті.
«Ағаш үрлемелі аспаптар» санатында Жұмашев Рахымжан (кларнет) II дәрежелі лауреат атанып, аспапты сенімді меңгеруімен және әсерлі орындау мәнерімен ерекшеленді. Оқушыны дайындаған оқытушы — Мулкаразов М.К., концертмейстер — Куминов А.Б.
«Мыс үрлемелі аспаптар» санатында Шлегель О.В. оқытушысының валторна сыныбының оқушылары — Омаржанов Заурбек пен Ақан Ақнұр II дәрежелі лауреат атанды.
Айта кету керек, үрлемелі және соқпалы аспаптар бөлімі түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындар саны бойынша тұрақты түрде көшбасшылық орынды иеленіп келеді. «ASTANA WIND FEST» байқауындағы жетістіктер де білім алушылардың жоғары деңгейдегі дайындығын, оқытушылар құрамының кәсібилігін және нәтижеге бағытталған жүйелі жұмысты тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл жетістіктер — қатысушылардың жеке жеңісі ғана емес, сонымен қатар музыкалық мәдениетті дамытуға, орындаушылық өнер дәстүрлерін нығайтуға және білім беру мекемесінің республикалық деңгейдегі беделін арттыруға қосылған маңызды үлес.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1213825?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау