Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында дәстүрлі «Гүл Алматы – 2026» V хор фестивалі өтті. Биыл айтулы мәдени іс-шараға 500-ге жуық өнерпаз қатысты.
Фестиваль аясында балалар, студенттер және кәсіби ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы (көркемдік жетекшісі – Бейімбет Демеуов), «Көкек» және «Көктем» балалар хорлары, А.Жұбанов атындағы мектеп-интернаттың ұлдар мен қыздар хорлары, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы, «ALAKOZ» камералық хоры, «Княжичи» ерлер хоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының хоры және Астанадан арнайы келген Е.Рахмадиев атындағы филармонияның камералық хоры болды.
Фестиваль бағдарламасында қазақ композиторларының шығармалары, Алматы қаласына арналған лирикалық әндер, сондай-ақ әлемдік музыканың таңдаулы туындылары орындалды. Кеште хор өнерінің бай мұрасы кеңінен насихатталып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
«Гүл Алматы» фестивалі бес жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп, жас орындаушылар мен өнерпаздардың басын қосатын бірегей алаңға айналды. Аталған фестиваль кәсіби ұжымның тәжірибе алмасуына, өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға және хор өнерін дамытуға бағытталады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1213891?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау