Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық экономиканың елдің ішкі жалпы өніміне қосатын нақты үлесін бағалау мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің айтуынша, жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін қазіргі ахуалға объективті әрі шынайы баға беру маңызды. Ол цифрлық экономика ұғымы мен оны есептеу тәсілдері әлі толық қалыптаспағанын атап өтті.
– Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған, қолданыстағы әдістеме де бірізді емес. Ішкі жалпы өнімді бес пайызға жеткізу туралы айтқанда, нақты экономика секторындағы өсім мен инновация нәтижесінде пайда болған табыстың ара-жігін ажырата білу қажет. Жалпылама көрсеткіштер көбіне жұмыстың тиімділігін емес, алдамшы көрініс қалыптастырады. Сондықтан бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Президент Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Жиында сондай-ақ жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және жаңа технологияларды экономиканың түрлі саласына енгізу мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы цифрландыру үдерісінде ұлттық мүдде мен технологиялық қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1213776?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау