Қонаевта жаңа нысандардың ауқымды құрылысы басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Қонаев қаласында Алматы облыстық соты ғимаратының іргетасын қалау рәсімі салтанатты түрде өтіп, құрылыс жұмыстарына ресми түрде бастау берілді. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, уақыт капсуласын қалады. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ғимараттың жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асады. Бес қабатты нысанда 22 сот отырысы залы, жұмыс кабинеттері және жертөле қарастырылған. Жобалау барысында қауіпсіздік талаптарының барлығы ескерілген. Құрылыс жұмыстары 15 айға созылады, ал нысанды пайдалануға беру келесі жылға жоспарланған. Бұл мақсатта қажетті техника мен білікті мамандар жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жер қазу жұмыстары басталып, құрылыс алаңында 40 адам еңбек етуде. Алдағы уақытта құрылысшылар саны 100 адамға дейін арттырылады.

Алайда Қонаевтағы құрылыс саласының дамуы мұнымен шектелмейді. Биыл облыс орталығында бірден алты ірі нысанның құрылысы басталуы жоспарланып отыр. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп, су, газ және кәріз желілері тартылған, сондай-ақ қажетті жобалық іс-шаралар аяқталған.

«Қазіргі уақытта Қонаев қаласында алты нысанның құрылысы бекітілген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Бұл жобалар мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырып, облыс орталығының жаңа келбетін қалыптастырады», – деді Алматы облысы құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Оналбаев.

Атап айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, полиция департаментінің құрылымдарына, сондай-ақ облыс әкімдігіне қарасты мекемелерге арналған нысандар, оның ішінде Департаменттер үйі салынатын болады. Осылайша, алты жоба жоспарлау кезеңінен іске асыру кезеңіне өтті. Бұл өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік жасайды.

Сонымен қатар облыс орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, драма театрын, «Қонаев-Арена» көпфункционалды кешенін, 600 орындық кітапханасы бар Оқушылар сарайын, сондай-ақ зертханасы бар музейді салу жоспарланған.

Осылайша, Қонаев қаласы әкімшілік-іскерлік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтып қана қоймай, мәдениет пен рухани даму орталығы ретінде де маңызын арттыра түсуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-sayasat/press/news/details/1213879?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version