Анықтау қызметі – ақиқатқа апарар ең күрделі әрі жауапты жолдардың бірі. Бұл салада жұмыс істеу тек заң талаптарын жетік білумен шектелмейді. Мұнда әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұрғанын терең сезіну, әділдікке деген берік ұстаным және ішкі тәртіптің мызғымас қағидалары қажет. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген Атырау қаласы полиция басқармасы анықтау бөлімінің аға анықтаушысы, полиция аға лейтенанты Алтынбек Құрманғалиев өз қызметін жоғары кәсібилікпен атқарып келеді.
Оның әрбір жұмыс күні жауапкершілік пен мұқияттылықтан басталады. Қарапайым көрінген бір деректің өзі істің тағдырын шешуі мүмкін екенін жақсы түсінетін ол, әр материалды жіті зерделеп, оқиғаның әрбір бөлшегіне мән береді. Куәгерлермен жұмыс барысында байыптылық танытып, процессуалдық құжаттарды сауатты әрі мінсіз рәсімдеу – оның кәсіби дағдысына айналған. Алтынбек үшін әрбір іс – жай ғана қағаз емес, ол қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігінің нақты көрінісі.
Мәселен, анықтау саласындағы алғашқы істерінің бірі 2023 жылдың қаңтар айында Атырау–Орал тас жолында орын алған жол-көлік оқиғасына қатысты болды. Аталған оқиға бойынша барлық қажетті тергеу әрекеттерін өзі жүргізіп, мән-жайын толық зерделеп, заң талаптарына сәйкес нақты процессуалдық шешім шығарды. Осы секілді оның өндірісінде болған түрлі жол-көлік оқиғалары бойынша істерде де әрбір деректі жеке қарап, соңына дейін жеткізіп, заңды қорытындыға келген. Қазіргі таңда ол ұрлық, алаяқтық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру секілді қылмыстық істерді тергеп, әр іс бойынша әділ шешім қабылдауға тікелей атсалысып келеді.
Қызмет барысында қабылданатын әрбір шешім салмақты ой мен нақты дәлелдерге сүйенеді. Себебі құқықтық әр қадам адам өміріне әсер ететінін ол жақсы түсінеді. Сондықтан қателікке жол бермеу – оның басты қағидасы.
Тәртіп сақшысының қызмет жолы – табандылық пен адалдықтың, кәсібилік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Оның күнделікті еңбегі қоғамдағы құқықтық тәртіптің сақталуына қызмет етіп, заңның әрдайым биік тұратынын айқын дәлелдейді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1213197?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау