Жедел іздестіру шаралары: Жоғалған бала бір жарым сағатқа жетпей табылды
2 мамыр күні сағат 10:12-де «102» арнасына 4 жасар баланың жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Бұл туралы оның 20 жастағы әпкесі мәлімдеген.
Мән-жайды анықтау барысында баланың ата-анасы ұлын әпкесінің қарауына қалдырып, қонаққа кеткені белгілі болды. Бүлдіршін ауладағы ойын алаңында ойнап жүрген, ал бойжеткен оны терезеден бақылап отырған. Алайда, қарындасы бірнеше минутқа көз жазып қалғанда, інісі көзден таса болған.
Әпкесі бірден өз бетінше іздеуге кіріскенімен, одан нәтиже шықпады. Уақыт жоғалтпау керектігін түсінген ол дереу полицияға хабарласқан.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы кідіріссіз жеткен. Топ құрамында Өскемен қаласы Полиция басқармасы Тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Қадырмен Жеңісханов болды. Баланың ерекше белгілерін алған бойда ол іздеуге кіріскен, маңайдағы аулаларды аралап, өтіп бара жатқан адамдардан сұрастырып, жақын маңдағы дүкендерді тексерген.
Сағат 11:28-де, яғни бала жоғалған сәттен бастап бір жарым сағатқа жетпей полиция капитаны бүлдіршінді тапты. Ол дүкендердің біріндегі ойыншықтар бөлімінде жүрген екен. Бақытқа орай, бала аман-есен, ешқандай зақым алмаған. Ол отбасына аман-сау тапсырылды.
Оқиғадан кейін баланың туыстарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Полиция қызметкерлері тіпті азғантай уақытқа назардан тыс қалдырудың өзі ауыр салдарға соқтыруы мүмкін екенін ескертеді. Жас балаларды қараусыз қалдырмаңыздар және олардың жүрген жерін әрдайым бақылауда ұстаңыздар.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1213474?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау