Жетісу төрінде Сиверс алма ағашының гүлдеуіне арналған салтанатты фестиваль өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 2 мамырда Жетісу облысы, Сарқан ауданының көркем табиғатында «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалі ұйымдастырылды. 2018 жылдан бері «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі»  РММ аумағында тұрақты өткізіліп келе жатқан бұл іс-шара биыл да өз ауқымымен ерекшеленді.

Сиверс алмасы – жер бетіндегі барлық мәдени алма сорттарының арғы тегі, биологиялық әртүрліліктің алтын діңгегі. Алма ағаштары гүлдеген сәтте тау беткейлері ақ-қызғылт түске боялып, көз тартарлық табиғи ландшафт қалыптастырады.

Жетісу облысы – Сиверс алмасының негізгі табиғи таралу аймақтарының бірі, ал ғалымдардың бағалауынша, Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында бұл жабайы алманың әлемдік қорының 48,8%-ы шоғырланған.

Фестивальдің басты мақсаты – Сиверс алмасын сақтау, қорғау және ғылыми тұрғыда зерттеу, жабайы алманы ұлттық табиғи мұра ретінде әлемге таныту, өңірдегі экологиялық туризмнің әлеуетін арттыру.

Фестиваль аясында гүлдеген алма бақтарының көріністері, суретшілердің plein air (пленэр) байқауы, ұлттық ойындар мен мерекелік бағдарлама, қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін қолөнер көрмелері және шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Қонақтарға арналған ақпараттық тур барысында ғалымдар мен ұлттық парк қызметкерлері Сиверс алмасының жаһандық экожүйедегі рөлі туралы құнды мәліметтермен бөлісті.

Биылғы фестивальге қатысушылардың саны 7000 адамға жуықтады. Соның ішінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері, ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің және «Kazakh Тourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінен келген танымал суретшілер және ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі, ЕҚТА (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар) мамандары, туризм индустриясының сарапшылары, 50-ден астам блогерлер мен инфлюенсерлер, БАҚ өкілдері мен фотографтар, мекеме қызметкерлері, Жетісу облысының тұрғындары мен алыс-жақыннан келген саяхатшылар.

«Сиверс алма ағашының гүлдеуі» – бұл жай ғана мереке емес, табиғат пен адамзаттың үндестігін дәріптейтін, экологиялық сананы қалыптастыратын ерекше сәт. Жетісудың інжу-маржаны саналатын бұл мекен алдағы уақытта да халықаралық экотуризмнің орталығына айнала бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/forest/press/news/details/1213165?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version