27 сәуір күні Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен Жұлдыз Ысқақтың «Жетісу әншілік-жыршылық дәстүріндегі Аяз Бетбаевтың орны» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.
Аталған ғылыми еңбек Жетісу өңіріндегі әншілік-жыршылық дәстүрдің қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін жан-жақты саралай отырып, жыршы, әнші Аяз Бетбаевтың қазақ өнеріндегі айрықша орнын терең зерделеуге арналған. Кітапта ұлттық өнер сабақтастығы, жыршылық мектептің көркемдік-эстетикалық болмысы мен рухани құндылығы кеңінен қамтылып, дәстүрлі өнердің тарихи-танымдық маңызы айқындалған.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама көрерменге дәстүрлі өнердің жауһар үлгілерін ұсынды. Сахна төрінде Жұлдыз Ысқақов, Орынбасар Мұхамметәлі, Совет Шапағат, Әбілмажан Қалижан және К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі, жыршы Бекарыс Көштаев өнер көрсетіп, ұлттық мұраның мәйегін көпшілікпен бөлісті.
Тұсау кесер рәсіміне Аяз Бетбаевтың қызы Айзада Аязқызы, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі директорының ғылыми және оқу-әдістемелік жөніндегі орынбасары Бағила Абжапарова қатысып, кітаптың тұсауын кесті.
Сонымен қатар, Бағила Көшербайқызы автор Жұлдыз Ысқаққа оқу орны басшылығының алғыс хатын табыстап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Тағылымды іс-шара ұлттық өнердің сабақтастығын дәріптеп, Жетісу жыршылық дәстүрінің құндылығын жаңа қырынан танытуға бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде есте қалды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1213345?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау