Жетісу облысында орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен көрнекті ақын Қайрат Әлімбектің шығармашылығын кеңінен насихаттауға арналған облыстық «Қайрат оқулары» байқауы өтті.
Аталған байқауға 15–18 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен барлығы 14 үміткер қатысып, екі кезең бойынша өзара бақ сынасты.
Байқаудың «Жоқ іздеген жігіт» деп аталған алғашқы кезеңінде қатысушылар ақын шығармаларын жатқа айту шеберлігімен сынға түсті. Бұл кезеңде олардың Қайрат Әлімбек өлеңдерін қаншалықты көп білетіні, сондай-ақ көркем әрі мәнерлеп жеткізу деңгейі қазылар алқасы тарапынан бағаланды. Ал «Жақсы адамдар» деп аталатын екінші кезеңге бірінші кезеңнен іріктеліп өткен 6 қатысушы қатысып, ақынның арнау өлеңдерінің мазмұнын терең ашып, өз ойларын көркем тілмен, еркін түрде жеткізе білді.
Байқауға қазылық еткендер қатарында ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді Немеребай, ақын, журналист, «Жетісу» газетінің веб-сайтының редакторы Асыл Сұлтанғазы, Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ботагөз Сүйгенбаева және Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың директоры Самал Шаяхметова болды.
Екі кезеңнің қорытындысы бойынша байқаудың бас жүлдесі – І орын Панфилов ауданынан келген Қазайбек Айгүлге бұйырды. Ал ІІ орынды Сарқан ауданынан Қанапия Жайна иеленсе, ІІІ орын Кербұлақ ауданынан Ақжолқызы Ақзатқа табысталды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар байқауға қатысқан барлық үміткерлерге алғыс хаттар табысталып, олардың өнері мен талпынысына жоғары баға берілді.
Бұл байқау жас ұрпақтың поэзияға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық әдебиетіміздің дамуына өз үлесін қосатын маңызды мәдени шаралардың бірі ретінде ерекшеленді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1213257?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау