Мереке және демалыс күндері қарсаңында баршаңызды жол қозғалысы қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырамыз . Бұл кезеңде қала ішінде де, қалааралық және алыс бағыттағы жолдарда да көлік қозғалысы айтарлықтай артып, әрбір жүргізушіден ерекше жауапкершілік пен сақтықты талап етеді .
Жол – баршамызға ортақ кеңістік . Сондықтан әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жол ережелерін бұлжытпай орындауды өзінің азаматтық міндеті ретінде қабылдауы тиіс . Ең алдымен, белгіленген жылдамдық режимін сақтап, оны асырудан аулақ болу – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың негізгі кепілі екенін естен шығармаған жөн . Жол бойында басып озу маневрін жасаған кезде қарсы бағытта қозғалып келе жатқан көліктің жоқтығына толық көз жеткізу қажет .
Сонымен қатар, көліктер арасында қауіпсіз арақашықтықты сақтау – төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді . Қауіпсіздік белдігін тағу – тек талап қана емес, сіздің және жолаушыларыңыздың өмірін сақтайтын маңызды құрал. Әсіресе, кішкентай балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, арнайы автокреслоларды қолдану қажет екенін еске саламыз.
Жаяу жүргіншілерге әрдайым басымдық беріп, өзара сыйластық таныту – жол мәдениетінің айқын көрінісі . Ал жаяу жүргіншілер жолдың арғы бетіне тек арнайы белгіленген орындар арқылы өтуі тиіс .
Қазіргі таңда жол қозғалысын бақылау заманауи технологиялармен, оның ішінде дрондар арқылы да жүзеге асырылуда. Сондықтан әрбір заңбұзушылық назардан тыс қалмайтынын ескертеміз .
Ұзақ сапарға шығуды жоспарлаған азаматтарға көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеріп, жүргізушінің денсаулығына да мән беру маңызды . Шаршаған күйде жолға шығу – қауіпті . Сол себепті сапар алдында жеткілікті тынығып, сергек күйде жолға шығуды ұсынамыз.
Қауіпсіздік – әрқайсымыздың қолымызда . Жол ережелерін сақтау арқылы өз өміріңізді ғана емес, өзгелердің де амандығын қамтамасыз етесіз.
Сіздерге жайлы сапар, ашық жол және амандық тілейміз!
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау