Ақтөбе облыстық ардагерлер ұйымының кезекті IX есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиынға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, Қазақстанның Еңбек Ері Аманғос Төлеуов, сондай-ақ өңірдің түкпір-түкпірінен келген делегаттар мен қоғам белсенділері қатысты.
Конференция барысында ұйымның соңғы бес жылдағы қызметі қорытындыланып, ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы 65 адамнан, тексеру комиссиясы 3 адамнан бекітілді. Сондай-ақ «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің съезіне облыстан 5 делегат сайланды.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов ардагерлердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық келісімді нығайтуға қосып отырған үлесі зор екенін атап өтті.
— Ардагерлер – біздің ақылшымыз, елдің алтын қазынасы. Облыс басшылығы қарттардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына әрдайым қолдау көрсетеді. Әсіресе, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіздің маңызы ерекше,
— деді ол.
Конференция аясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ардагерлер Мемлекет басшысының Алғыс хаттарымен және облыс әкімі атынан марапатталды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жаңадан сайланған кеңес құрамына сәттілік тілеп, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-goszakup/press/news/details/1214298?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау