Ақтөбеде М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаттың 70 жылдығына арналған республикалық конференция өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбе облысының жетекші білім беру ұйымдарының бірі — М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернат биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы атаулы дата аясында, сондай-ақ көрнекті педагог әрі ғалым Мақсот Құсайыновтың 90 жылдығына орай облыстық оқу-әдістемелік орталықтың қатысуымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Ауқымды іс-шара Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Жастар сарайында өтті. Конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен 130-дан астам педагог, ғалым, білім беру ұйымдарының басшылары мен сала сарапшылары қатысты.
Конференция барысында қатысушылар заманауи білім беру жүйесін дамыту, педагогикалық шеберлікті трансформациялау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ дарынды балалармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдері секілді өзекті мәселелерді талқылады.
Облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Дина Ұзақбаева жиынның маңыздылығын атап өтіп:
«Кездесудің басты мақсаты — отандық білім беру ісінің дамуына елеулі үлес қосқан Мақсот Құсайыновтың бай педагогикалық мұрасын жан-жақты зерделеу және оның идеяларын қазіргі заман талаптары тұрғысынан талқылау. Бүгін педагогтің жаңа білім беру кеңістігіндегі рөліне, оқушыларды кәсіби бағдарлауға және білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше назар аударылады», — деді.
Пленарлық отырыс аясында лицей-интернат директоры Төлеген Аймұқатов баяндама жасап, Құсайыновтың ғылыми-педагогикалық мұрасының бүгінгі білім беру жүйесі үшін маңыздылығын атап өтті.
Бағдарламада ғалымның қызы — химия ғылымдарының кандидаты, педагог, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті түлегі Қорлан Құсайынованың сөзі ерекше орын алды.
Өз сөзінде ол әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, оны тек көрнекті ғалым әрі педагог ретінде ғана емес, өз ісіне толықтай берілген тұлға ретінде сипаттады.
«Балалық шағымда әкемді үйде сирек көретінмін — ол бар уақытын жұмысқа және ғылымға арнайтын. Дегенмен, дәл осы еңбегі мен өмірлік ұстанымдарының арқасында біз бәріміз жоғары білім алып, өмірде өз орнымызды таба алдық. Ол өзінің үлгісімен еңбек пен іске адалдықтың болашақты қалыптастыратынын көрсетті», — деп еске алды Қорлан Мақсотқызы.
Осындай конференцияның өтуі — ұлы педагогқа көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар білім берудің болашағын зерделеудегі маңызды қадам болды. Бүгінде М. Құсайынов атындағы лицей өз мерейтойын атап өте отырып, дарынды жастар мен инновациялық педагогикалық идеялардың тоғысқан орталығы ретінде дамуын жалғастыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1214447?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version