Астанада әскери кафедраның 400-ден аса студенті ант берді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада К. Құлажанов атындағы қазақ технология және бизнес университетінің әскери кафедрасында ант беру рәсімі өтті. Отан қорғаушы күні қарсаңында бір мезетте 448 студент әскери ант қабылдап, запастағы әскери қызметшілердің қатарын толықтырды.

Салтанатты іс-шараға оқу орнының басшылығы, әскери кафедра жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ курсанттардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Әскери кафедра бастығы вице-адмирал Жандарбек Жанұзақов студенттерді құттықтап, анттың мән-маңызына тоқталды.

– Әскери ант – бұл жай рәсім емес, ол – Отан алдындағы қасиетті серт. Бүгін сіздер ел қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершілікті мойындарыңызға алдыңыздар. Алдағы өмірде қандай салада еңбек етсеңіздер де, осы сертке адал болып қалуларыңыз қажет, – деді ол.

  Әскери кафедра еліміздегі 10 жетекші жоғары оқу орнының студенттерін біріктіреді. Бағдарлама 2024 жылы іске қосылған.

Курсанттардың ата-аналары да ерекше толқыныста болды. Солардың бірі – Анар Серікқызы:

– Біз балаларымызды әрдайым адал, қайсар, елжанды болуға тәрбиеледік. Бүгін соның жемісін көріп отырмыз. Барлық курсанттарға сәттілік тілеймін, анттарына берік болып, елге абыроймен қызмет етсін, – деген тілек білдірді.

Іс-шара соңында Қарулы күштердің ардагерлері генерал-лейтенанттар Абай Тасболатов, Бақытжан Ертаев пен генерал-майор Марат Нағұманов бірқатар офицерлер мен үздік студенттердің ата-аналарына естелік белгілер мен алғыс хаттар табыс етті. Әскери ант беру рәсімі Ұлттық әскери-патриоттық орталық өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Әскери кафедраның оқу бағдарламасы теориялық сабақтарды ғана емес жан-жақты практикалық дайындықты да қамтиды. Екі жыл оқу барысында студенттер екінші мамандықты меңгеріп, запастағы лейтенант және сержант әскери атағын алып шығады. Сонымен бірге көшбасшылық қасиеттерін шыңдайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1214309?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version