🔹Бүгін аудандық мәслихат төрағасы Талғат Көлкебаевтың төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс елу үшінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімі Медет Ысқақов, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және қоғамдық кеңес төрағасы қатысты.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралып, жан-жақты талқыланды:
1. Мәртөк аудандық мәслихатының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы №278 «2026–2028 жылдарға арналған Мәртөк ауданының ауылдық округтерінің бюджеттерін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
2. Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюдың 40 жылдығына орай Мәртөк ауданы бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы.
3. Депутаттық сауалдар.
🔸Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауылдық округтердің бюджеттері нақтыланып, бірқатар округтердің кіріс және шығыс бөліктеріне өзгерістер енгізілді. Бұл мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева баяндама жасады.
Екінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Алмас Курмангалиев баяндама жасап, аталған санаттағы азаматтарға көрсетілетін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде ақпарат берді.
Депутаттық сауалдар аясында бірқатар өзекті әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, Қазан елді мекеніндегі мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі, Құрмансай ауылдық округін газдандыру мәселесі, Мәртөк ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған арнайы полигон құрылысының аяқталмай қалуы, сондай-ақ Достық ауылындағы жаңа мектеп құрылысының баяу қарқынмен жүргізілуі жөнінде тиісті облыстық басқармаларға депутаттық сауалдар жолданды.
✔️Отырыс қорытындысы бойынша күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-martuk/press/news/details/1214797?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау