“Бекіре — 2026”: Атырауда заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам балық тәркіленді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Атырауда заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам балық тәркіленді.

     Атырау облысы аумағында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында браконьерлік әрекеттердің, бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің заңсыз айналымының алдын алу және жолын кесу мақсатында “Бекіре — 2026” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

     Мәселен, Атырау – Ақтөбе – Астрахань тас жолында патрульдік полиция қызметкерлері Газель автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында жүк бөлігінен 3 тонна 278 келі қапталған көксерке балығын анықтады. Аталған дерек бойынша материалдар Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына жолданды.

     Іс-шара барысында балық қорғау инспекциясымен бірлесіп, теңіздегі заңсыз балық аулаудың жолын кесу бағытында Еркінқала елді мекені тұсындағы Каспий теңізіне шығу аймағында және Жайық өзені бойындағы “Пешной” бекетінде мобильдік топтар құрылды. Сонымен қатар Еркінқала, Дамба, Алғабас елді мекендерінің айналма жолдарында автокөлік қозғалысына бақылау күшейтілді.

     Іс-шара барысында жалпы салмағы 3 тонна 771 келі балық өнімдері, оның ішінде 148 келі бекіре тұқымдас балық және шамамен 1 келі бекіре уылдырығы тәркіленді. Тәркіленген өнімдер “Жайық — Бекіре өсіру зауытына” тапсырылды.

     Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы балықтың заңсыз айналымына байланысты 152 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 7 дерек бойынша күдіктілердің әрекеттерінде қылмыс құрамы анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ 19 балық аулау құралы мен 10 су көлігі тәркіленді.

     Жайық — Каспий бассейнінде балық қорларын қорғау, заңсыз су биоресурстарын тасымалдау мен сатудың алдын алу мақсатында Атырау облысы полиция департаментінің Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1214361?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version