Бесағашта жаңа мәдениет ошағы бой көтеруде
Жамбыл облысының Бесағаш ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 150 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба ауылдың мәдени-рухани өмірін жандандырып, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Жоспар бойынша нысан 2026 жылы толық пайдалануға беріледі. Жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер мекеме – AKM Group жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сонымен қатар, құрылыс сапасы мен талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін техникалық және авторлық қадағалау да тиісті деңгейде жүргізілуде.
Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындары үшін көпфункционалды орталыққа айналмақ. Мұнда түрлі концерттер, мәдени-көпшілік іс-шаралар, шығармашылық кештер мен маңызды кездесулер өткізуге барлық жағдай жасалады. Әсіресе, бұл бастама ауыл жастарының өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға серпін береді.
Бүгінде ауылдық жерлерде мәдени инфрақұрылымды дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Осы тұрғыда жүзеге асып жатқан бұл жоба жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, ұлттық құндылықтарды насихаттауға да өз үлесін қосады.
Бесағаштағы жаңа мәдениет үйі – ауылдың әлеуметтік-мәдени дамуына тың серпін беретін, ел болашағына бағытталған игі қадамдардың жарқын көрінісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1214280?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау