Цифрландыру жылы: СҚО полициясы халық қауіпсіздігін арттыру үшін дрондарды меңгеруде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Солтүстік Қазақстан полицейлері Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясы базасында алғаш рет ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану бойынша оқудан өтті.

Апталық курстар Әскери технологиялар және күзет жүйелері кафедрасында үш топқа арналған форматта ұйымдастырылды. Сабақтарды ұшқышсыз авиациялық жүйелер циклінің жетекшісі, подполковник Жасұлан Сұлтанбеков жүргізді. Ол — ұшқышсыз әуе жүйелері бойынша бірнеше оқу құралдарының авторы және практикалық тәжірибесі бар маман.

Алғашқы даярлық бағдарламасы теория мен тәжірибені қамтыды: құқықтық негіздер, әуе кеңістігін пайдалану тәртібі, техникалық құрылғылардың құрылысы және басқару дағдылары. Оқытушылардың жетекшілігімен полицейлер аппараттардың құрылымын меңгеріп, ұшыру мен қондыруды орындады, бастапқы пилоттау элементтерін пысықтады.

Оқыту СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Абай Жүсіповтің бастамасымен және академия басшылығымен бірлесіп, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды. Алдымен бөлімше басшылары дайындықтан өтті, кейін облыстық және қалалық аппарат қызметкерлері оқытылды.

Алынған дағдылар қазірдің өзінде қызметте қолданылуда. Дрондар із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуде, құқық бұзушыларды анықтауда, жол жағдайын бақылауда және көшедегі құқық бұзушылықтардың алдын алуда пайдаланылуда. Бұл жұмыс «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасының міндеттерін тікелей іске асырып, оқиғаларға жедел әрекет етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1214254?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version