2026 жылғы 29 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында «Казахмыс Барлау» компаниясында қауіпсіздік мәдениетін дамытуға, еңбекті қорғау жүйесін жетілдіруге және өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды.
Негізгі шаралардың бірі – ең үздік әрі қауіпсіз жұмыс орындарын анықтауға бағытталған байқау және үздік желілік басшыны таңдау болды. Байқау қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы «Сәтімола» кен орнының жұмыскерлері қауіпсіз еңбекті ұйымдастырудың жоғары деңгейі үшін дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Тікелей «Сәтімола» кен орнының аумағында еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңейтілген семинар-кеңес өткізілді.
Кездесу барысында қатысушыларға өндірістік тәуекелдердің алдын алу және жұмыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
Іс-шараға компания басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ Мемлекеттік еңбек инспекторы Қ.М. Жұмагереев қатысты.
Қауіпсіздік мәселелеріне жүйелі көзқарас пен ұжымның жоғары жауапкершілігінің арқасында компанияда соңғы бес жыл ішінде бірде-бір өндірістік жарақаттану жағдайына жол берілген жоқ.
«Казахмыс Барлау» компаниясы «Казахмыс» компаниялар тобының: «Адамның өмірі мен денсаулығы ең жоғары құндылық болып табылады және олар ешқандай ымыраға келу нысаны бола алмайды» деген басты қағидасын басшылыққа ала отырып, қауіпсіздік мәдениетін дәйекті түрде нығайтуды жалғастыруда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-enbek/press/news/details/1214488?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау