Маңғыстауда еліміздегі алғашқы кілем тоқу орталығы ашылды
Ақтау қаласында ұлттық өнерді жаңғыртуға бағытталған «Тәрбия» қолөнер орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мәлік Әбдіқадыров қатысып, өңір тұрғындарын жаңа бірегей орталықтың ашылуымен құттықтады.
Салтанатты шара барысында ұлттық нақыштағы сән көрсетілімі ұйымдастырылып, қонақтарға қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Сондай-ақ ашылу рәсімі аясында арнайы лента қию рәсімі өтті.
Үш қабаттан тұратын орталықта ұлттық қолөнердің толық өндірістік циклі қамтылған. Бірінші қабатта шеберлердің дайын өнімдері қойылған шоурум орналасса, екінші қабат «Шабыт кеңістігі» ретінде шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға арналған. Ал үшінші қабатта жіп иіру, киіз басу, талшық өңдеу, өрмек тоқу, бау-басқұр жасау және сәндік әрлеу бағыттары бойынша шеберханалар жұмыс істейді.
Сонымен қатар орталық базасында кілем тоқу шеберханасы іске қосылып, ашылу күні алғашқы кілем станоктан түсірілді. Бұл – орталық жұмысының нақты басталғанын білдіретін символдық сәт болды.
Айта кету керек, жоба аясында өңір тұрғындары оқытылып, жұмыспен қамтылуда. Орталық тек өндірістік алаң емес, сонымен қатар ұлттық қолөнерді үйрететін білім беру орталығы ретінде де қызмет атқарады.
Жалпы «Тәрбия» қолөнер орталығының ашылуы Маңғыстау облысында ұлттық мәдениетті дамытуға, қолөнер саласын жаңғыртуға және туризм әлеуетін арттыруға тың серпін береді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1214248?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау