Бакуда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Study in Kazakhstan» халықаралық білім көрмесі өтті.
Іс-шара Қазақстанның Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы мен İZ Community компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған. Көрме аясында Қазақстанның жетекші университеттері өздерінің білім беру бағдарламаларын, қабылдау шарттарын және шетелдік білімгерлерге арналған оқу мүмкіндіктерін таныстырды.
Әзербайжан жастары көрмеге жоғары қызығушылық танытты. Келушілер қатарында жоғары сынып оқушылары, студенттер және олардың ата-аналары, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен агенттіктерінің өкілдері болды. Қатысушылар оқу бағдарламаларына, тұру жағдайларына және оқу орнын бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне аса қызығушылық білдірді.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел екі ел арасындағы білім беру ынтымақтастығының тұрақты өсімін атап өтті. Бұған қазақстандық жоғары оқу орындарын таңдайтын білімгерлер санының артуы және Қазақстанның аймақтық білім беру хабы ретінде қалыптасуы дәлел.
«Осыған ұқсас көрме өткен жылдың наурыз айында да өткізілген болатын, бүгін оның нақты нәтижелерін байқауға болады. Бар болғаны бір жыл ішінде Қазақстанда білім алып жатқан Әзербайжан студенттерінің саны екі есе артты. Бұл – ел басшылығының жүйелі саясатының және жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестіктің кеңеюінің нәтижесі. Бүгінгі көрме де осы көрсеткіштің одан әрі өсуіне өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Елші.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шараларды өткізу тек шетелдік білімгерлерді тартуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжан университеттері арасындағы тұрақты академиялық байланыстарды қалыптастыруға да ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-baku/press/news/details/1214789?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау